Балалар қара кешке дейін оқиды. Мақтаарал ауданындағы С.Торайғыров атындағы жалпы орта мектепте 200-ден аса бала үш ауысымда оқиды. Кезінде мақта терімге келген жәрдемшілерге салынған жатақхана бүгінде мектепке ыңғайластырылған. Ал білім бөлімінің мамандары ауданда үш ауысымда сабақ беретін бірде-бір мектеп жоқ деп шаң жұқтырмай отыр.
7-сынып шәкірттері қазақ тілі пәнін кітапханада өтіп жатыр. Сынып бөлмесі жетіспегендіктен, оқушылар осында отырады. Үйірмелер мен қосымша сабақтарды өтуге де мүмкіндік жоқ дейді балалар.
1974 жылы салынған ғимарат кезінде мақта терімшілердің жатын орны болған. 90-жылдардан бастап ғимарат мектепке ыңғайластырылған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Кіріп-шығуға тарлық ететін сұп-суық дәлізде балалардың барлық мәдени іс-шарасы өтеді. Жылу тек сынып бөлмелерінде ғана бар. 230 оқушыға сынып бөлмелері де аздық етеді.
Жолдың жиегінде орналасқан мектепте оқушылардың қауіпсіздігі де ескерілмеген. Ал шәкірттер ғимаратта спорт залы болмағандықтан, қыстыгүні де далада доп теуіп жүр. Жөндеу көрмеген нысанның шатыры да қырық құрақ. Мектеп ұжымы жарылған қабырғалар мен едендерді жамап-жасқап күнелтуге мәжбүр.
Ал салаға жауаптылар мектеп басшысының сөзін жоққа шығарғысы келеді. Үш ауысымда сабақ беретін бірде-бір мектептің жоғын алға тартқан білім бөлімінің сектор меңгерушісі түйткілді мектептің де мәселесі шешілетін күн алыс емес сендірді.
Сонымен, жаңа мектеп пайдалануға берілгенге дейін ұжымның да, оқушылардың да қысылып-қымтырылып күнелте тұруына тура келеді. Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 122 мектептің 89-ы — типтік, 33-і ыңғайластырылған ғимаратта бала оқытып жатыр.
[youtube]https://youtu.be/NXBJxsPQ0Y4[/youtube]