Мақтаарал ауданында 2500-ге жуық отбасы табиғи газсыз отыр

392
Ашынған мырзакенттіктер

Құбыр бар да, газ жоқ. Мақтаарал ауданының Мырзакент кентінде тұратын 2500-ге жуық отбасы көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Елдімекенге газ құбырлары тартылғанымен, тұрғындардың ішкі жүйелерді іске қосуға қалтасы көтермей отыр.

Ашынған мырзакенттіктерХалық бұл қызметтің өздеріне 2-3 есеге қымбат түсіп отырғанын айтады. Сондықтан қымбат қызметтің парқын түсінбей дал. Ішкі құбырларды орнату жұмыстары көрші ауыл тұрғындарына 90 мың теңгеге түссе, мырзакенттіктерге 250 мың теңгеге бағаланып отыр.

Қыстың қамын жасаған Баян Байзақова биыл 3 тонна көмір түсіріпті. Тоннасы 16 мың теңге болған отын қыстың шілдесі түспей-ақ таусылатын түрі бар. Көгілдір отын арман болған әйел үйдің ішіне дейін тартылған құбырды әжетке жарата алмай отырғанына ашынады.

Орнатылғанына бірер ай өтсе де қалбиған құбырлардан қайран болмай тұр. Тұрғындар ішкі жүйелердің шығыны туралы да жуырда естігендерін айтады. Айтуларынша, жергілікті билік «ҚазТрансГаз Аймақ» басшылығымен келісім түзерде халық пікірін ескерусіз қалдырған.

Тұрғындардың бұл уәжіне кент әкімінің әуелде жауабы болмады. Түсініктеме беруден бас тартып, ат-тонын ала қашты. Дегенмен, тілшілердің құрығынан құтылмайтынын аңғарған әкім мырза ақыры сұқбат беруге келісті. Оның айтуынша, ауылдың 500 тұрғыны құжатпен келісіп, қолын қойған.

Ауданға тартылған 36 шықырым газ құбырының бір бағыты биыл Мырзакентке жүргізілген. Сала мамандарының айтуынша, елдімекенді газдандыру «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің инвестициялық жобасы аясында жүргізілгендіктен, ішкі газ жүйелерінің шығыны артып отыр.

Тұрғындар көгілдір газдың жайын айтып, жергілікті билік өкілдеріне бірнеше рет шағымданған. Алайда, әзірге атқамінерлерден қайран болмай тұр. Енді халық Елбасына хат жолдамақ.

[youtube]https://youtu.be/9XeM5AYX8bU[/youtube]