Полицейлер Шымкент қаласында 14 жасар жасөспірімнен электршокер тәркіледі. 9 желтоқсан кешке «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс шарасын өткізу барысында Абай полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері Мангельдин көшесінде орналасқан мектептердің бірінің спорт алаңында қолына электршокерге ұқсас зат ұстаған жасөспірімді қолға түсірді.
Ұсталған жасөспірім аталған мектептің оқушысы, 2001 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды. Тәртіп сақшылары жеткіншекті тексеру барысында арнайы құралдарға жататын, жұмыс істеп тұрған электршокер тәркіледі.
Бозбала тәртіп сақшыларына электршокерді көшеден тауып алдып деп отыр. Полицейлер мән-жайды толық анықтау мақсатында оқушыны Абай полиция бөліміне жеткізді. Сол жерге ұсталған оқушының ата-анасын шақыртып, жасөспірімдердің тәрбиесіне немқұрайлылық танытудың салдары туралы әңгіме жүргізді.
Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.