Оңтүстікте тәуелсіздік мерекесінде 45 жаңа нысан ашылды

588
Медицина колледжінің оқу ғимараты

Тәуелсіздіктің 24 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында мереке аясында аудан-қалаларда әлеуметтік және коммуналдық нысандар ашылды. Ел игілігіне берілген нысанның жалпы саны — 45. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алдымен ггемендік мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында 9 әлеуметтік нысан ашылды. Олар — мемлекеттік-жеке әріптестік аясында ашылған 120 орынды «Жан-Нұр» балабақшасы мен жастар мен жасөспірімдер орталығы. Көп қабатты 2 үй орталық жылу қазандығына қосылып, 122 пәтерге жылу жетті.

Бұдан бөлек Түркістанның 6 бағыттағы шыға беріс көшелері түгел жарықтандырылып, орталық 6 көшеде жаңадан электр бағаналары сап түзеді. Шаһарды кесіп өткен «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан автоматтандырылған газ таратушы стансасы мен Ескі Иқан ауылына дейін газ жеткізгіш құбырының құрылысы бітті.

Бұған дейін мақта егіп, мата шығарып, мақта майы мен сусабын өндіріп келген «Тұран» шаруа қожалығы бұдан былай 20 түрлі сүт өнімдерін шығарып, облыс аумағына сатылымға шығаратын болды. Егемендік күні аясында Кентау қаласынан Түркістан шаһарына дейін келген құбырдың су өткізгіш бөлігінің су таратқыш құрылғысының құрылысы толықтай аяқталды.

Бұдан бөлек тәуелсіздікке тарту ретінде қаладағы 30 мың халқы бар «Бекзат» шағынауданындағы электр қуатының сапасын арттыратын және осындағы индустриялды аймаққа қажетті 5 мВт электр қуатын тарататын 110/35/10 кВ «Коммунальная» қосалқы стансасының құрылысы өз межесіне жетіп, іске қосылды.

Түркістанда ашылған 9 әлеуметтік нысанның соңғысы – қаладағы сарқынды су жүйесінің құрылысы жалғасын тауып,  13 білім мекемесі, орталық кітапхана мен халыққа қызмет көрсету орталығы осы жүйеге қосылды.

Төле би ауданында екі балабақша пайдалануға беріліп, 3 елдімекендегі 3 мың отбасы, 15 мың тұрғын табиғи отынмен қамтамасыз етілді.

Мерекелік той-думан Сарыағаш ауданының екі бірдей білім беру нысанының ашылғанымен ерекшеленді. Аудандағы Ошақты ауылдық округіне қарасты Саттаров елдімекенінде 600 оқушыға шақталған Ы.Алтынсарин атындағы №104 орта мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға берілсе, Жылға ауылдық округіне қарасты Шеңгелді елдімекенінде мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында 120 орындық балабақша ашылды.

Түлкібас ауданында 7 әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Састөбе поселкесінде 100 орынды «Төрежен» балабақшасы,  Кемербастау ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында медициналық бекет пен Майлыкент елдімекенінде фелдьшерлік акушерлік бекет пайдалануға берілді. Сонымен қатар Кершетас ауылы мен М.Жәрімбетов ауылында ауызсумен қамтамасыз етілсе, Т.Рысқұлов ауылындағы Жанкент шағынауданында газ, ауыз су, электр энергиясы сынды коммуналдық мәселелер толық шешімін тапты.

Сондай-ақ, сапалы қызмет көрсету мақсатында Т.Рысқұлов ауылында «Алатау» медициналық қызмет көрсету орталығы ашылды.

Айтулы мерекеде Ордабасы ауданында жаңа 5 әлеуметтік нысан іске қосылды. Мәселен, Темірлан ауылында 100 орынды «Қымбат апа», Шұбарсу ауылында 150 орынды «Кәусар-Әли» және 100 орынды «Нұр Мерей» балабақшалары бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Сондай-ақ, ауданда тәулігіне 250 тонна бидай өңдейтін «Ордабасы нан» диірменінің екінші кезеңі іске қосылып,  Ынталы ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет халыққа қызмет көрсете бастады.

Шағалалы Шардарада мерекелік тарту ретінде бес әлеуметтік нысан бой түзеді. Достық пен Көксу ауылдарынан 140 орынды, Ақшеңгелді елдімекенінен 60 орынды мектепке дейінгі мекеменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Сондай-ақ, шардаралықтарға тәуелсіздіктің 24 жылдығының құрметіне 24 пәтерлі үйдің кілті табысталды.  Аудандағы тозығы жеткен мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, аудан тұрғындары үшін көптен күткен игілікті іс болды.

Отырар ауданында да ел мерекесі айқын сезілді. Аудандағы Ш-9, Шәмші, Қалқабай-Ебелек каналдары күрделі жөнделсе, Бестораңғыл елдімекені таза ауыз сумен қамтылды. Ал Маяқұм, Көксарай, Қарғалы және Арыс ауылдары түнгі жарықтандырумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Шілік ауылында жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді.

Азат күнді тойлау кезінде Созақ ауданы да мектепке дейінгі мекемемен толықты. Ондағы Құмкент ауылында 75 балаға шақталған «Махамбет» жекеменшік балабақшасы ашылса, Қазығұрт ауданының Сабыр Рақымов ауыл округінде 200 орынды мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетуді бастады. Ал Шымкентте іргетасы 1930 жылы қаланған Шымкент медицина колледжінің жаңа оқу ғимараты тұсауын кесті.

Аталған нысандарды пайдалануға беру барысында облыста жұмыс орындары ашылып, 500-ден астам азамат жұмыспен қамтылды.