Шымкентте мектеп оқушылары көлік ұрлады

261
Көлік ұрлаған оқушылар

Полицейлер Шымкент қаласында автокөлікті заңсыз айдап кетті деген күдікпен екі жасөспірімді қолға түсірді. 2 желтоқсан күні Әл Фараби полиция бөліміне 26 жастағы жергілікті тұрғын арызданды. Ол «Отырар» шағынауданындағы үйінің ауласында тұрған, құны 800 мың теңгені құрайтын маркасы «Опель-Вектра» автокөлігін белгісіз біреу айдап кеткенін хабарлаған.

Ұрланған Опель көлігі

Әл Фараби ПБ-нің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барасында автокөлікті заңсыз айдап кетті деген күдікпен екі жасөспірімді ұстады. Жастары 14-тегі олар Шымкенттегі мектептердің бірінде оқиды.

Көлік ұрлаған оқушылар

Бозбалалар «Опель» автокөлігінің есігін бұрағыштың көмегімен ашып, сосын айдап кеткен. Өздері автокөлікті қала ішінде серуендеу үшін алдық деп отыр.

Қазір осы жайт бойынша қылмысты кодекстің 200-бабымен (Автомобилді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз иелену) қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақ ретінде «Опель» автокөлігі тәркіленді.

Ұсталғандар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйлеріне жіберілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.