Тәуелсіздікке тағзым. Шымкентте БАҚ өкілдері футбол ойнады

475
Турнир қатысушылары

Оңтүстікте журналистер қауымы үшін жасыл алаңда доп теуіп, бәсекеге түсу жақсы дәстүрге айналып келеді. 12 желтоқсан күні журналистер, баспа саласы қызметкерлері, фейсбук белсенділері, блогерлер қауымы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимаратында өзара бақ сынасты.

Турнир қатысушылары

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен тәуелсіздігіміздің 24 жылдық мерекесіне орай БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділері арасында «Тәуелсіздікке — тағзым» атты шағын футбол турнирі өтті.

Турнир қатысушылары

Турнир қатысушылары

Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Н.Бекназаров, қала әкімінің кеңесшісі-баспасөз қызметінің жетекшісі Н.Жеңісбек, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры У.Қыдыр, «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, белгілі спорт журналисті Б.Тайжан, жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Б.Елшиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жүлдегерлерге арналған кубоктер

— Бұл спорттық шараның мақсаты — бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын насихаттау. Осы арқылы егемен елдің азаматтарын отансүйгіштікке шақыру. Тәуелсіздік жолында шейіт кеткен бабалар рухын еске алу, — дейді турнир ұйымдастырушысы Нұрлыбек Жеңісбек.

Доп бәсекесінде сынға түскен командалар аянып қалмады. Барлығы да ақтық сынға жетіп, намысты қолдан бермеуге барын салды. Екі топқа бөлінген 8 команда жұртшылықты тартысты бәсекелерге куә етті. Бірінші топтан «Ернияз» жарнама өндірістік фирмасының командасы суырылып шықса, екінші орынды «Facebook united» командасы иемденді.

"Ернияз" командасы
«Ернияз» командасы

Ал екінші топтан «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы мен блогерлер командасы озып шықты. Үшінші орын үшін болған бәсекеде блогерлер «Facebook united» командасын жеңсе, финалда Ербол Дайрашов басшылық еткен «Ернияздың» жігерлі жігіттері «Қазақстан-Шымкент» телеарнасын ұтып, жеңімпаз атанды.

Үздік қақпашы - Қайсар Шерім
Үздік қақпашы — Қайсар Шерім

Сондай-ақ жеке шеберлігіміен дараланған футболшылар да марапатталды. «Үздік қақпашы» сыйлығын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің фототілшісі Қайсар Шерім иемденсе, «Үздік шабуылшы» аталымына «ТВК» телеарнасының ойыншысы Дастан Баширов лайық деп танылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының спорттық шарасына тұңғыш қатысқан «Фейсбук Юнайтед» командасының ойыншысы Азамат Абдрахманов «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды.

"Отырар-ТВ" командасы
«Отырар-ТВ» командасы

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық, кубок және диплом тапсырылды. Игілікті шара соңында Тәуелсіздік жолында шейіт болған ел тұлғалары мен желтоқсан құрбандарының рухына құран бағышталып, ас берілді. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрлыбек Жеңісбек бұл турнирді жыл сайын ұйымдастыру жоспарда бар деп уәде берді.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі