Төле би ауданында екі балабақша ашылды

978

Тәуелсіздікке тарту. Төле би ауданында 2 балабақша ашылды. Бірінде 280 бала тәрбиеленсе, екіншісінде 75 балдырған мектепке дейінгі тәрбие алады. Осылайша аудандағы балабақша кезегіндегі 600-ге жуық балдырғанның тең жартысы балабақшамен қамтылатын болды.

Төле би ауданының орталығы Ленгір қаласының төрінен ашылған балабақша — 280 орынды. Мұнда Қазығұрт шағынауданында тұратын тұрғындардың балалары тәрбиеленетін болады. Екі қабатты зәулім ғимараттың іші-сырты балдырғандардың танымын арттыруға бағытталып, жабдықталған.

Балабақшаның құрылысы мемлекеттік қаржы есебінен жүргізілген. Өткен жылдың қараша айында басталған құрылыс жұмыстары тұрғындардың көз алдында жүрді. Араға бір жыл салып, балабақша пайдалануға беріліп отыр. Бұл бірінші кезекте ата-аналарды қуантты.

Бақтыгүл Сүгірбаева, ата-ана: «Екі немерем бар. Жақсы болды, үйдің жанынан балабақша ашылып. Қуаныштымын, баланың бақшаға барғаны жақсы. Тез жетіліп, тез өрісі дамиды».

Ал келер жылдан бастап 75 бүлдіршінді тәрбилеуге дайын Алина балабақшасы Ленгірдің қақ ортасында орналасқан. Бұрын бұл ғимарат «Төлеби туы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакциясына тиесілі болған. Оны бақшаға айналдыру үшін аудандық бюджеттен 39 миллион теңге бөлініпті. Құрылысты жүргізген мердігер компания әр тиынды тиімді пайдаланғанын айтып отыр. Қандай да бір ахау табылса, дер кезінде жөндеп беруге де уәде етті.

Ерсін Леспаев, «Жаңа арна» серіктестігінің қаржылық директоры: «Бізде тапсырыс берушімен арнайы келісім бар. Егер де үшінші адамның қатысуынсыз қандай да бір олқылықтар орын алса, жөндеп береміз.»

Балабақша балдырғандарды 2016 жылдан бастап қабылдайды. 75 балдырғанға шақталған бөбекжайда білікті мамандар қызмет етеді. Бұл өз кезегінде ата-аналардың көңілінен шығып отыр.

 

Айта өтейік, Төле биде 43 балабақша және мектеп жанынан ашылған 31 шағын орталық жұмыс жасайды. Мемлекеттік бақшада 3145 балдырған тәрбиеленеді. Ал жекеменшік 16 бөбекжай 1655 бүлдіршінге жағдай жасап отыр. Аудандағы бақшамен қамту мәселесі 2017 жылы толығымен шешіледі екен.