Таңғы сағат 5-те қалада жүрген көліктен мылтық табылды

939
Шолақ аңшы мылтығы

Полицейлер Шымкент қаласында 21 жастағы жергілікті тұрғынның автокөлігінен шолақ мылтық және жарақат салатын қару тәркіледі. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Таңғы сағат 05:00 шамасында «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу іс шарасын жүргізу кезінде А.Асқаров және Мангельдин көшелерінің қиылысында жол-патрульдік полициясының қызметкерлері «Приора» автокөлігін тоқтатады. Автокөліктің ішінде 1994 және 1996 жылдары туылған Шымкент қаласының тұрғындары отыр.

Шолақ аңшы мылтығы

Полицейлер 21 жастағы жүргізушінің құжатын тексеріп, содан соң автокөлікті тексеру барасында салоннан 16-калибрлі аңшы мылтығын оқтарымен және «Оса» маркалы жарақат салатын тапаншаны оқтарымен тауып алды. Қарулар автокөліктегі жігіттердің біріне тиісті болып шығады.

Тәртіп сақшылары қолға түскен жігіттерді анықтау жұмыстарын жүргізу мақсатында Абай ПБ-не жеткізді. Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 287-бабымен (Қаруды, оң-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, тасмалдау немесе алып жүру) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.