Желтоқсан оқиғасына қатысушы — арамызда

1037
Гүлжан Мақұлова

1986 жылғы 16-17 желтоқсанның ызғарлы күндері Алматының орталық алаңында тәуелсіз ел болуды аңсап, шеруге шыққан кешегі бойжеткен, бүгінгі көпбалалы ана Гүлжан Мақұлова өмірден ерте өткен құрдастары мен бауырын еске алады. Елмен бірге қуаныш пен көкіректі мақтаныш кернеген сәттерге толы бұл күнді айтулы дата ретінде қабылдағанымен, бойында әлі күнге дейін қорқыныштың барын жасырмайды.

Гүлжан Мақұлова: «Желтоқсан дегенде, жүрегім лүпілдеп, қызуға толады. Толқып кетемін. Ол сәтті ұмыту мүмкін емес. Тек перзенттеріңді көрген сәтте ғана бір сәтке естен шығармасаң, ұмыту мүмкін емес.»

Оның ойынша, 29 жыл бұрынғы оқиғаның астары толық ақтарылған жоқ, орайы келгенде оны жас ұрпақ ашып береді.

Гүлжан Мақұлова

Бүгінде тарихи дерекке айналған мына кадрдағы ала пальто киген бойжеткен — біздің кейіпкеріміз. Алматыдағы байланыс техникумының студенті ол кезде 18 жасар екен. Құрбы-құрдастары Анар деп атайтын.

Гүлжан Мақұлова: «Бізді ешкім қинаған жоқ, мәжбүрлеген жоқ. Сол бір күні алаңға өз еркімізбен, бейбіт шеруге деп, өз ойымызбен шықтық. Алдында алаңға кіргізбеді. Жауынгерлер қоршап алған. Иттері бар. Сол кезде қыздардың бірінің аяғы тайып кетіп, мұзға құлады. Жігіттер жан-жақтан шулап кетті. Сол кезде біздің алдымыздағы солдаттар сол жаққа қарай жылжығаны сол екен, біз тездетіп алаңға қарай өтіп кеттік. Қолымызда жалаушалар, жазып алған плакаттарымыз бар. Онда «Біздің өз көсеміміз болсын! «Біз қазақ басшыны қалаймыз!» деген жазулар.»

Гүлжан Мақұлова

«Сен — бүлікшілсің, есірткі пайдаланғансың» деп басынан да, денесінен де соққы алған Анарды ондаған жастармен бірге жүк көлігіне тиеп, сол кездегі Целинный кинотеатрының артындағы алаңға төгеді. Жан-жаққа бас сауғалап, қашқандарын ит жетектеген сақшылар камераға апарып тығады. 3 күн бойы камерада шалажансар күйде жатқан қыз-жігіттер көп болды дейді Гүлжан. Ал талайы сол қоқыс алаңдарында қатып қалған.

«Елім-айлаған» талай қазақ қыздары мен жігіттері қыршынынан қиылып кетті. Солардың бірі — Анардың бауыры, үлкен әпкесі Кенжеқыз Молданазарова. Медицина институтының студенті алаңға сіңлісін іздеп шығып, жендеттердің соққысынан айықпаған күйі үш айдан соң қайтыс болған. Бүгінде қос бауыр туған Ордабасы ауданының Қараспан аулында Кенжеқыздың есімімен аталатын көше бар, өздері білім алған мектепте арнайы сынып ашылған.

Егемен ел болуды көздеп, жігерлілігін танытқан намысты жастардың 29 жыл бұрын сол күнгі бастан өткергенін толық ашатын жас ұрпаққа ұлағатты ұстаздың сенімі басым.

Зәуре Оралбаева