Шымкентте қарт жауынгер соғыс ардагері куәлігіне 70 жылдан кейін қол жеткізді. Ғани Ергешов ақсақал осылайша Шымкентте ресми тіркелген 158-соғыс ардагері атанып отыр. 93 жастағы қарттың ұлы отан соғысына қатысқанын дәлелдеу үшін осынша жыл қажет болыпты.
Енді қарияның көнетоз костюмінің төсінде соғыс ордендері мен медальдары жарқырап тұр. Бірақ, бұған дейін осы төсбелгілердің өзі соғыс ардагері мәртебесін бере алмаған. Себеп — әскери билеттің жоғалуы. Ардагер ұрыстың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түскенін айтады. Есін жиса, әскери билеті жоқ.
— Мені госпитальға жеткізген санитарлар әскери билетті алған. Ары қарай қайда қойғандарын ешкім білмейді, — деп еске алады Ғани ақсақал. — Кейін сол госпитальдан басқасына ауыстырды. Елге 1947 жылы оралдым. Келе сала құжатымды қалпына келтіру үшін әскери комиссариатқа барсам, ондағылар ресми сұраныс жіберу керек дейді. Сөйтіп, бір-екі барған соң ол жаққа мүлде аяқ баспай қойдым.
Ал қарттың немересі атасы үшін іздеуге кіріседі. Ол әділеттілікті қалпына келтіруде көздеп, әскери комиссариатқа барған. Жауап 6 айдан кейін келді.
— Біз Ресейдің Подольск қаласындағы орталық архиві мен Санкт-Петербордағы әскери-медициналық музейге сұраныс жібердік, — дейді Шымкент қалалық қорғаныс істері басқармасының ардагерлермен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы Дариға Қожамұратова. — Ол жақтарда соғыстажарақат алған жауынгерлердің барлық құжаттары сақталады. Содан, 2016 жылдың қаңтар айында Ресейден мұрағат анықтамасы келді. Онда «Қызыл армия сарбазы Ғани Ергешов ұлы отан соғысында әскери ұрыстарға қатысты және жағына жарықшақ тиіп, жарақат алған» деп жазылған.
Осы анықтама негізінде қарт жауынгер Ғани Ергешов ардагер куәлігіне қол жеткізді. Енді, Дариға Қожамұратованың айтуынша, қария соғыс ардагерлері қолданатын барлық жеңілдіктері тиесілі.