Құрылыс заттарын өзімізде шығаруға болады

Шыны

Оңтүстіктің тауар өндірушілері құрылыс материалдарын түгелдей өзімізде өндіреміз деген бастама көтеріп отыр. Бұл туралы таяуда өткен форумда айтылды.

Сөздерін дәлелдеу үшін кәсіпкерлер өздері шығарған тауарларды көрсетті. Енді бұдан былай тек шифер, кірпіш, цемент шығарып қана қоймай, бәсекеге қабілетті травертин, фибробетон, құрғақ құрылыс ұнтақтарын шығаруға баса мән беріліп отыр.

Шыдамды шынылар шымкенттік кәсіпкерлердің еншісіндегі жалғыз тауар емес. Бұл жолы өндіруші фирмалар тұтынушыларды таңқалдыруға бел буған. Олар бірнеше қызметті атқаратын шыны ұсынды. Жаңа дүниені қолдана отырып, коммуналдық қызметтің шығындарын азайтуға болады екен.

Ерғали Иманалиев, кәсіпорын өкілі: «Бүгінде барлығы өз шығындарын азайтуды көздейді. Ал біз ұсынып отырған көп қызметті шыны пакеті оған мүмкіндік жасап отыр. Әсіресе қыстыгүні газдан, электр жарығынан, жылудан үнемдесек, жаздыгүні күн сәулесінен қорғайды. Біз магнитрон шашылған шыны қолданамыз. Оның иондарына күміс, титин кіреді. Осы металдар күн сәулесін кері қайтарып, қуатты термос секілді сақтауға мүмкіндік береді.»

Жергілікті кәсіпкерлер енді тек цемент, шифер және кірпіш өндірумен ғана шектелмейміз деп отыр. Бүгінде облысымызда құрылыс материалдарының 50-ге жуық түрі шығарылады. Оның үстіне бұл істі дөңгелету үшін қажетті шикізат жеткілікті. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, сырттан тауар импорттаудың қажеттілігі жоқ дейді сарапшылар.

Кәсіпкерлер көп жағдайда тапсырыс берушілердің құрылыс жобаларына қатыса алмайтынын айтып қынжылуда. Өйткені тауар туралы тұрғындар білмейді. Жобалаушылардың базардағы құрылыс материалдарына тұрақты түрде мониторинг жүргізбеуі де себеп.

Мақсат Қасымбеков, ОҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Құрылыс заттарын өндіруші компания мен құрылыс компаниялары арасында өткен кездесудің маңызы зор. Форум барысында екі жақ өзара келісім-шарттар, меморандумдар түзе алады. Өйткені бүгінде 80 пайызға дейін құрылыс заттары сырттан импортталады. Ал біздің мақсатымыз — өзімізден шығарылатын заттарды насихаттап, сол пайызды азайту. Оған толықтай мүмкіндігіміз бар. Өңірімізде құрылыс заттарын шығаратын 30-ға жуық ірі компания мен 125-ке жуық цех жұмыс жасайды.»

Осы ретте мамандармен бірге жұмыс істеу компания үшін нәтижелі болып отыр. Кәсіпкерлер палатасының таныстырылымы кезінде тауар өндірушілер мен құрылыс компаниясының өкілдері өзара келісімшартқа келу туралы мәселелерді талқылады. Сапа мен баға тұрақтылығы да, тауарды жеткізу жағы да сөз болды.