Қазылып, бекітілген жолдың зардабын тұрғындар тартуда

204
Опырылған жол

Газ құбырын жаңалаған жұмысшылар жолды бұзып кетті. Редакциямызға арыздана келген Шымкенттегі Қарауылбек Қазиев көшесінің тұрғындары осылай деп отыр. Айтуларынша, былтыр мердігерлер көлік жүретін жолды қазып, газ тарату жүйесін жаңартқан. Алайда жөндеу жұмыстарынан кейін қалпына келтірілген жолдың бұл бөлігі жауын-шашынға төтеп бере алмай, опырылып қалыпты.

Опырылған жолОпырылған жолдың зардабын, әсіресе, жылдамдықты асырған көлік жүргізушілері тартуда. Тұрғындар жүйткіген жүргізушілер ақауды байқамай, апатқа ұшырай жаздайды дейді. Қолдан жасалған ескерту белгісінен де қайран жоқ. Жүргізушілердің айтуына қарағанда, мұнда кешкі мезгілде жол кептелісі де жиі болады.

Тұрғындар газ тарату жүйесі жаңартылғаннан кейін жол жөнделіп, қайта қалпына келтірілген деп отыр. Алайда, жауынды-шашынды ауа райына шыдас бермей опырылып қалған. Сапасыз жұмыстың салдарынан жол қозғалысы қиындап, жергілікті тұрғындарды да әбігерге салған.

Ал мердігерлер қазір ақау шыққан жол бөлігіне топырақ төселді деп сендіреді. Айтуларынша, асфальттауға әлі ерте.

Жұмыс тапсырылып қойғанымен, мердігерлер жолдың сапасын үш жыл бойына қадағалап отыруы тиіс. Ақау болса, компания өз қаражатынан қалпына келтіреді. Жаңарту бағдарламасында мұндай шығындарға арнайы қаржы бөлінген дейді мердігерлер.