Абай ауданы әкімінің есебінде халықтан түскен сұрақ аз болмады

688

«Кабинетінен шықпайтын басшы.» Бұл — Абай ауданы әкіміне берілген баға. Ххалық алдында есебін берген Ахмет Тәтібаев осындай атаққа ие болды. Ауданда коммуналдық мәселе шаш-етектен. Сондықтан болар, кездесуге келген тұрғындар талап-тілектерін жеткізіп үлгере алмады. Дегенмен, 200 мыңға жуық халқы бар ауданда атқарылған жұмыс та жетерлік.

Ахмет Татыбаев
Ахмет Татыбаев

Абай ауданы әкімінің есебі №52 мектепте өтті. Әкім келетін аумақ мұнтаздай тазаланған. Халықты күтіп алған әкімдіктің мамандары сыпайлық танытып, орындарына жайғастыруда.

Ә дегеннен-ақ, Ахмет Татыбаев өз есебін бастап кетті. Регламент бойынша атқарған ісін саралауға 20 минут берілді. Аудан әкімі өзіне берілген уақытты ұтымды пайдаланып, баяндамасын қарапайым түсінікте тілде айтып шықты. Мәлімдеуінше, ауданда коммуналдық мәселелердің күрмеуі шешіліп келеді. Әсіресе, көшелер көптеп жөндеуден өткен. Әл Фараби, Қожанов, Қазиев, Бауыржан Момышұлы көшелерін кеңейту жұмыстары аяқталып қалған.

Әкімнің баяндамасын тапжылмай тыңдаған халық жарыс сөзге келгенде өзара жарысып кетті. Талап-тілектерін жеткізу үшін кезекке тұрып, әкімге өкпе-наздарын жеткізді.

Рахым Өтегенов, қала тұрғыны: «Әкім мырза, бірнеше көшені асфальттадық, жолайырық салдық дедіңіз. Сол көшелерді сіз аралап көрдіңіз бе? Әлде, есеп үшін айтып тұрсыз ба? Сіз сол көшелерді көрдіңіз бе? Алдымен көшелердің сапасын көріңіз, санын санай бермей. Одан кейін бір жылдағы түрін көріңіз. Неге сіз халықпен келіп, ақылдаспайсыз? Неге елмен жүздеспейсіз? Сіз кабинеттен шықпайтын әкімсіз ғой.»

Айтылған сынды аудан әкімі қабылдай білді. Сабырлық танытып, аудан жұртшылығының барлығын тыңдады. Орнынан тұрып, талабын жеткізгендердің қатарында Самал-1, 2 және 3 шағынаудандары мен Ынтымақ, Ақниет, Қатын көпір тұрғындары бар. Олар көшедегі жүріп-тұрудан бастап қымбат жарық, сапасыз көгілдір отын, жауапсыз қоғамдық көлік пен мектеп тапшылығын сөз етті.

Бұл сауалдардың барлығы орынды-ақ. Халық орныққан жерінде қалалықтар секілді өмір сүргісі келеді. Мұнысын түсінген жергілікті билік бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Яғни, аудан әкімдігінің мүмкіндігін ескеріп, коммуналдық сауалдар бірден емес, біртіндеп шешілетінін жеткізді.

Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары: «Мектеп дедік, балабақша дедік, инженерлі коммуникация дедік, енді, мәдени ошақтар керек деп отырсыздар. Ол дұрыс. Яғни, күнделікті керекті нәрселер шешіліп жатқанының дәлелі. Еліміздің әл-ауқатының дұрысталып келе жатқанының белгісі. Мәдени ошақтың қажеттілігін бізде білеміз. Бірақ, екінші мәселе бар — қаражат бар ма, жоқ па? Бізді көп толғандырып жатқан нәрсе — Ынтымақ, Ақниет және жаңадан қосылып жатқан елдімекендердің коммуналдық қызметтері. Бұл ауданның азаматтары жолдың мәселесін көтерсе, қисынсыз. Өйткені бұл жүйелердің барлығы жер астымен жүреді. Осы коммуникациялар жүргеннен кейін барып жолдың мәселесі көтеріледі. Ол алдағы бір-екі жылдан кейін көтерілетін мәселе.»

Сонымен, биыл Қызылжар, Ынтымақ, Самал-3 шағынаудандарына ауызсу беріледі. Сондай-ақ, Самал-1,2 және Солтүстік-Батыс шағынаудандарына алғашқылардың бірі болып, кәріз жүйесі тартылады. Ең бастысы, мемлекеттің жарығын жағатын күн жақын. Осындай нақты жауапты алған жұртшылық есеп берген аудан әкіміне қанағаттандырарлық деген баға бере тарқасты.