Былтыр облыста елдімекендердің 72 пайызы ауызсумен қамтылды. Сондай-ақ, республика қазынасынан қаржы бөлініп, 150 елдімекеннің жер асты су қоры анықталған. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді. Өткен жылды қорытқан салаға жауаптылар биыл атқарылатын ауқымды тірліктерін таныстырды.
Биыл 28 сумен жабдықтау және су бұру нысандарын іске асыруға облыстық бюджеттен 7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жыл соңына дейін су құбыры мүлде жоқ 7 елдімекенге жаңа ауыз су құбырларын жүргізу жоспарда тұр. Тағы 14 елдімекендегі тозығы жеткен ауызсу жүйелері жаңартылатын болады.
Мамандардың мәліметінше, былтыр облыстағы елдімекендердің 36 пайызы табиғи газбен қамтылған. Газдандыру жұмыстары Бейнеу-Бозай Ақбұлақ және Газли Шымкент бағыттары бойынша іске асырылуда. Жүйелі жұмыстарды жалғастыру үшін былтыр облыс бюджетінен 10 елдімекенді газдандырудың жобалық-сметалық құжаты әзірленген.
Тұрғын үй қорын жаңарту тетігі қолға алынғалы күрделі жөндеуді қажет ететін үйлердің көрсеткіші 45 пайызға азайған. Былтыр республикалық қазынадан қаражат бөлініп, 40-тан аса көп қабатты үй күрделі жөнделген. 2020 жылға дейін тозығы жеткен баспаналар санын 1000 үйге азайту көзделіп отыр.