Күн суылғалы күнгейде тұмау жұқтырып, ауыр халде аурухана төсегіне 26 азамат таңылған. Ақ халаттылар бұл жағдайдың эпедимологиялық маусымға қатысы барын айтып отыр. Сондықтан жұқпалы аурудың таралуынан қауіптенеді.
Тіпті әлеуметтік желілер арқылы тұмаудан адам қаза болды деген ақпараттар таратылып үлгерілген. Бұл қауесетті еліміздің бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин растамады.
Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасына күніне түсетін қоңыраулар саны екі есеге өскен. Қазір мұндағы мамандар бір тәулікте 1500 шақыртуға барады. Жедел қызметке жүгінгендердің басымы — қызуы көтеріліп, суық тигендер, тұмауға ұқсас ауруға шалдыққандар.
Жедел жәрдем қызметінің мамандары науқасқа нақты диагнозды қою алмайды. Ал дәрігерлер эпидемиялогиялық кезең басталғалы бері тұмауға байланысты 26 жағдай тіркелді дейді.
Бұл көрсеткіш жылдағынан 1,5 есеге азайыпты. Ал жұқпалы ауруға шалдыққандардың көбі вакцина салдырмаған екен. Дегенмен, тұмауға қарсы тегін егуді кез келген адам ала бермейді. Ақысыз вакцина 6 айлық және 1 жасар нәрестелер мен жүкті әйелдер, осал топтағы адамдарға салынады. Бір айта кетерлігі, жұқпалы ауруға қарсы екпенің оң әсерін біле тұра көпшіліктің оны алуға шамасы келе бермейді.