Кентау-Түркістан бағытындағы көпір жөнделуде

719

Кентауға қатынас қайта жаңарады. Қарашық өзенінің үстіндегі көпір күрделі жөнделуде. Десе де құрылысы 2015 жылдың қыркүйек айында басталған өткелде қарқынды жұмыс байқалмайды.

Бұл — Кентау-Шәуілдір-Түркістан-Төрткүл бағытындағы көпір. Қарашық өзенін кесіп өтетін өткелді жөндеуге 350 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» компаниясы көпірді соңғы үлгіде жөндеуді жөн санаған.

Ербол Омаров, «ҚазАвтоЖол» компаниясының Оңтүстіктегі филиал директорының орынбасары: «2015 жылғы жоспар бойынша Кентау бағытындағы көпірдің құрылысын бастап, 78%-ын аяқтау болатын. Ал 2016 жылы келісім-шарт бойынша көпірді  толық аяқтаймыз. Көпірге гофродан төрт құбыр салынады».

Көпірдің құрылысы «Шымкентдорстрой» компаниясына жүктелген. Бас мердігер компанияның қызу жұмыс жасап жатқанын көрмедік. Бірде-бір жұмысшысы да байқалмайды. Бірақ, өткелге бетон құйылып, әжептеуір құрылыс жүргізілгені көрініп-ақ тұр. Жұмыстың неліктен тұралап тұрғанын өздерінен сұрадық.

Әлия Момбекова, «Шымкентдорстрой» компаниясының заңгері: «Ол көпірдің құрылысына 30-40 құрылысшы тартылған. Жол өз уақытымен бітіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын наурыз айында қайта жалғастырамыз. Биыл желтоқсан айына дейін жұмыс істедік. Ал 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмысшылардың барлығы демалыста. Қысқы ауа райына байланысты жұмыс жүріп жатқан жоқ. Бірақ, бізде дайындық болып жатыр. Наурызға дейін барлық құрылыс материалдарын түгелдеп жатырмыз».

Бұрынғы ескі көпір
Бұрынғы ескі көпір

Еске салайық, көпірдің қирағалы тұрғаны талай рет айтылған. Комиссия қорытынды шығарым дегенше, кентаулықтар қатынассыз да қалған еді. Жыл сайын айналма жол салған коммуналшылардың еңбегін екпінмен келген тау суы талай шайып та кетті.