Кентауда жастар баратын демалыс орындары мен бос уақытын өткізетін үйірмелер көптеп ашылуда. Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, елге еңбек етуге келген жастардың бірі антикафе ашыпты.
«Іске сәт» деп аталған орталық жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған. Яғни, адамның ой-өрісін дамытуды мақсат еткен интеллектуалдар орталығына айналып отыр. Кинотеатр, 300-ге жуық кітаппен жарақтанған кітапхана, интернет, ойын бөлмелерімен жабдықталған ғимаратта ішімдік ішіп, темекі тартуға тыйым салынған.
Сүндет Қордабай, қала тұрғыны: «Басқа кафелердегідей у-шу жоқ. Жаныңа керектің бәрі бар. Мұнда жақсы достар табуға болады».
Ішке енгеннен аяқ киіміңізді ауыстырып, өз үйіңізде жүргендей іске кірісіп кетесіз. Шай дайындап алып, соңғы үлгідегі фильмдерді тамашалауға немесе жоғары жылдамдықты интернетті тұтынуға, ойын бөлмелерінде уақытыңызды тиімді өткізуге болады. Үстел және монитор ойындары да бар. Тек ыстық тамақ жоқ. Ал қажет болса, қызметкерлер көршілес кафелерден тапсырыспен алдырып береді.
Қуаныш Құрмашов, қала тұрғыны: «Біздің қалада кинотеатр жоқ. Ал мұнда бар. Достарыңмен келіп, көңіл көтеруге болады. Кентауда ішімдіксіз отыратын демалыс орындарының көбейіп жатқанына қуаныштымыз».
Антикафе іші жастардың стилімен жабдықталған. «Іске сәт» орталығының директоры — Гауһар Арыстанова. Оның идеясын алғашқылардың бірі болып, әкесі қолдаған. Жобасы Оңтүстік кәсіпкерлер палатасында қолдау тауып, арнайы грант берілген.
Одан бөлек кенді шаһарда футбол алаңшасы ашылған. Ала доп тебуге үйір жастарға жағдайды жергілікті кәсіпкер жасапты.
Жеке кәсіпкер Әбунасыр Байкенжеев — салауатты өмір салтын ұстанған жан. Сондықтан болар, жастардың футбол алаңын ашып отыр. Заманауи үлгіде жабдықталған алаңшада достарыңызбен доп тебу бағасы сағатына 2000 теңге. Бұл бағам жастардың көңілінен шығып тұр.
Сәкен Таласбай, қала тұрғыны: «Бізде спорт залдар бар. Бірақ, дәл бұлай жабдықталмаған. Әрі мемлекеттік мекемеде орналасқандықтан, жалға бермейді. Ал бұл жерде достарыңмен еркін доп тебуге болады. Тек алдын ала жазылып, уақыт аламыз. Жастарға осындау жағдай жасап жатқан жергілікті кәсіпкерлерге, олардың идеясын қолдап отырған басшыларға рахмет!»