Оңтүстік өңірінде иіс газынан уланып, 12 адам мерт болды. Қайғылы жағдайдың бірі Сарыағаш ауданында болған.
Қызыләскер ауылында бір үйдің тұрғындары иісті газдан уланып қалды. Соынң салдарынан 2 адам оқиға орнында қаза болған. Мерт болғандардың бірі — 50 жастағы анасы, екіншісі — 25 жастағы ұлы.
Қайғылы жағдай 24 қаңтар күні тіркелген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінің басқарма бастығы Нұрғали Жүнісов мәлім етті. Маманнның айтуынша, иіс газынан уланғандардың саны соңғы 10 күннің ішінде көбейіп отыр. Мәселен, 25 қаңтар күні Достық шағынауданында тағы бір төтенше жағдай орын алып, бір азаматша қаза болған.
Айта кетейік, жыл басынан бері Оңтүстікте иісті газдан уланып, қайтыс болғандардың саны 12-ге жетті. Қаза болғандардың ішінде үшеуі жеткіншектер болса, қалғаны ересектер. Тіркелген төтенше жағдайлардың басым бөлігі жекеменшік үйлерде орын алған.