Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік аймаққа 400-ден астам отбасы қоныс аударуы мүмкін. Қазіргі таңда сол жаққа көшуге ниет білдірген 458 отбасының 50-і, 200-ге жуық оңтүстікқазақстандық Солтүстікке көшіп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жұмыспен, баспанамен қамтылған.
Еске салсақ, өткен жылдың маусым айында өңірімізге Солтүстік Қазақстан облысының арнайы делегациясы келіп, аймағымыздың жұмысқа қабілетті азаматтарын солтүстікке шақырған. Теріскейлік отандастарымыз үй және басқа да әлеуметтік көмектер ұсына отырып, жұмысқа шақырды.
Арада көп өтпей облыс әкімінің орынбасары Е.Айтахановтың жетекшілігімен арнайы топ Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, сондағы 13 ауданның еңбек нарығындағы ахуалмен танысып қайтты.