Облыс әкімі Шымкентті аралады

226
Бейбіт Атамқұлов

Өңір басшысы Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты бірқатар елдімекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінде ауданға қарасты 12 тұрғын үй алабы мен 21 шағынауданда 220 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді.

Ең алдымен Ақжар елдімекеніндегі ауыз су жүйесінің жұмысымен танысқан облыс әкімі қала басшылығына аталған мекеннің тұрғындарын сумен қамту мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Бұл тапсырманың орындалу барысын өңір басшысы сондағы ауыл ақсақалдары кеңесі арқылы біліп отырмақ.

Бейбіт Атамқұлов

Мұнда 630 үйде 4000-нан астам xалық тұрады. Елдімекендегі таза ауыз су мәселесі шешілгенше тұрғындар бүгінгідей жер асты суын емес, Ақжар елдімекенінің басына келіп тұрған таза ауыз суды тұтынатын болады.

Сапар барысында аймақ басшысы қала аумағында орналасқан Қорғасын зауытының кен  қалдықтарын залалсыздандыру мәселесімен танысты. Қала тұрғындарының денсаулығына кері әсері көп бұл қорғасын үйінділері 2014 жылдан бері қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің меншігінде. Мұндағы зиянды қалдық  бойынша баяндама жасаған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Ж.Мырхалықовұлы химикаттардың ауаға таралуын болдырмау үшін арнайы жасыл шыммен жабуды ұсынды.

қорғасын қалдығы

Айта өтейік, оқу орнының ғалымдары мен «Казниихимпроект» мамандары бірлесе жұмыс істеп, қалдықтарды залалсыздандыру бойынша 200 шөп түрін зерттеп, 14 шөптің қорғасын мен мырыш секілді химиялық элементтері көп жерде де өсе беретінін анықтады. Аталған жаңа технологияны қолдаған облыс әкімі тиісті сала басшыларына жобаны кеңінен зерттеп, зерделеуді және жақын арада ең тиімді технологияны ұсынуды тапсырды.

Мұнан соң аймақ басшысы Абай ауданындағы бірқатар жолдарды аралап, Арғынбеков көшесін Темірлан тасжолына қосуды тапсырды. Сонымен қатар Абай даңғылын Алматы-Термез айналма жолына қосу үшін жасалған сызбаны мақұлдап, қала басшылығына оның  жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді жүктеді.

Бейбіт Атамқұлов

Сондай-ақ, Самара-Ташкент айналма жолын қаланың келбетіне сәйкестендіріп, ондағы сауда орындарын екінші деңгейлі жолдарға көшіруді айтты. Өңіріміздегі жолдардың халықаралық стандарттарға сай болуы керегін ескерткен әкім Шымкент шаһары болашақ үшінші мегаполис атына лайықты болу қажеттігін басты назарға алды.

Стратегиялық маңызы зор қала болып табылатын Шымкентті дамыту үшін облыстық бюджеттен 2016 жылға 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, оның 22,6 млрд теңгесі нысаналы даму трансферттері болып табылады. Сапар соңында өңір басшысы аудандағы қарапайым халықпен кездесіп, елдің ұсыныс-тілектерін тыңдады.

— Оңтүстік Қазақстан облысындағы күрмеуі шешілмеген әр мәселе күн тәртібінен түспейді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды Елбасымыз жыл сайынғы жолдауларында үнемі тапсырып отырады, — дейді облыс әкімі. — Сондықтан мен үшін елдің ішінде қандай мәселе бар, халық нені қалайды деген сұрақтар өте маңызды. Сіздердің айтқан әрбір ұсыныс-тілектеріңіз заң аясында өз шешімін табатын болады.