Шымкентте суық тиіп, дене қызуы көтерілуі сынды тұмауға ұқсас ауруға шалдыққан бүлдіршіндердің саны көбеюде. Мысалы, қазір №1 балалар ауруханасында 50 орынға арналған пульманология бөлімшесінде 127 жеткіншек ем қабылдауда.
№1 қалалық балалар ауруханасында қазір күніне 150-ге жуық жасөспірім дәрігердің қабылдауына келеді. Олардың дені 1 жасқа дейінгі сәбилер. Бірінің дене қызуы көтерілсе, енді бірінің өкпесіне суық тиіп, тыныс алу жолдары асқынған.
Алайда бұл медициналық мекемеде науқастанған барлық балаларды жатқызып, емдеуге мүмкіндік жоқ. Өйткені пульмонология бөлімшесінде тек 50-ге жуық орын бар. Сондықтан мұндағы дәрігерлер ауруханадағы басқа бөлімшелерден тағы да 70-ке жуық орын әзірлеп отыр.
Қаламқас Дауымбаева, Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Пульмонология бөлімшесінде 99 төсек-орынға, сырқат нәрестелер бөлімшесі 40 төсек орынға сәйкес көбейтілді. Қосымша хирургия, жарақат, ортопедия, неврология, кардиоревматология, оңалту бөлімшелерінде орын ашылды.»
Қазір мұнда 127 бала аурухана төсегіне таңылғандықтан, ақ халаттылардың еңбек ауырлығы екі есеге артқан. Анар Медетбаева да бір жасар ұлының сырқаттануына байланысты пульманалогия бөлімшесінде ем қабылдауда. Алты баланың анасы қыс мезгілі аурухана есігін тоздырумен өтіп жатыр дейді.
Қазір мұнда қабылдау бөлімшесіне жедел түрде түскен балаларды медициналық тұрғыдай тексеру үшін қосымша бір дәрігер және үш мейірбикелік бекет ұйымдастырылған. Алайда мұның өзі ауруханаға жүгінген науқастарды дер кезінде қабылдау үшін жеткіліксіз.