Жер асты байлығымен әлем назарында тұрған Қазақ елінің қазыналы өлкесі көп. Солардың бірі — Кентау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан Ащысай ауылы. Кезінде бүкіл одақты полиметалл кенімен қамтамасыз еткен ауылдың бүгінгі жағдайы мүшкіл.
[youtube]https://youtu.be/sqcSPlPd3Ac[/youtube]
Ауыл азаматтарының басым бөлігі бас сауғалап, өзге өңірлерге көшіп кеткен. Ал елде қалғандары екі қолға бір күрек таппай жүр. Ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жер жоқ. Жайылымның барлығы жекенің қолында. Тау ортасында тұрса да төрт-түлігін түлете алмай отыр. Бұған Ащысайға барған сапарымызда көз жеткіздік.
Қарт Қаратаудың етегіндегі Ащысай ауылының жан-жағын тау қоршап жатыр. Кіреберісте бұрнағы ірі кәсіпорындардың үйіндісін көресіз. Бір қараған адамға түрлі-түсті үйінділер ауылдың қойнауында қымбат байлықтың барынан сыр шертіп жатқандай болады.
Ащысайдың өткені
Кезінде Кентау қаласындағы Ащысай полиметалдың кеншілері кен өндіруден дүниежүзілік рекорд орнатқан. Бұл атақ тарих беттерінде алтын әріппен жазылды. Ащысай полиметалл комбинаты 1929 жылдан жұмыс істей бастады. 1933 жылдың қараша айында Түркістан — Ащысай таулы темір жолы іске қосылып, Ащысай руднигінің негізі қаланды.
1935 жылы Ащысай кеніші пайдалануға берілген. 1936 жылдан бастап қорғасын кен тасы өндіріледі. 1938 жылдары Ащысай кентінде металлургия зауыты, 2 мектеп пен аурухана және мәдинет үйі тағы да басқа мекемелер жұмыс істей бастайды. Ауылдың экономикалық жағдайы жақсарды. Фабрикалар, зауыттар ашылып, Ащысай кен орны Ұлы Отан соғысына кеткен әр тоғыз оқтың жетеуін шығарды.
КСРО-Жапон соғысының тұтқындары осы Ащысайда жұмысқа тартылған. Жапондар салған көп қабатты үйлер әлі күнге дейін тұр. Ащысай жұмысшылары соғыс аяқталған соң 5 жылдан кейін одақ көлеміндегі қорғасынның 74,5%-ын өндірген.
Көнекөз қариялардың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдары мұнда шахта өртеніп, фабриканың маңындағы ағаштар екі жылдай жанған. Кейіннен зауыт жекеменшікке өтіп, бояу шығара бастапты. Сосын әк тастарын шығарды.
Қазір сол өндіріс орнынан түк қалмапты. Ал ғалымдар Ащысайдың кен орындарында мырыш пен барит әлі күнге дейін бар дейді. Себебі мырыш кені 100 жылға есептелген екен, негізі толық зерттеуді қажет етеді.
Даңқ елесі кезіп жүрген ауыл
Заманында кен өндіріп, көпшілікке танылған Ащысай бүгін қараусыз қалған елдімекеннің кейпінде. Ауылға кіргеннен қаңырап бос қалған көпқабатты үйлерді көресіз. Тоқырауға төтеп бере алмаған тұрғындар үйлерін тастап, жаппай көшіп кеткен. Кезінде 20 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда қазір небәрі 2176 тұрғын ғана қалыпты. Оның өзі негізінен зейнеткерлер. Ауыл әкімі Қайрат Қабылбековтың айтуынша, ауыл азаматтарының дені бюджеттік мекемелерде қызмет етеді. Ал қалғандары мал шаруашылығымен айналысады.
Ауыл Көккөз, Ақжар және Ащысай елдімекендерінен тұрады. Мұндағы халыққа қазір екі мектеп пен шағын орталық, бір аурухана, өрт сөндіру бөлімі мен клуб қызмет көрсетеді. Кезіндегі кеншілердің бір бөлігі мал бағып, ауылда қалса, ендібірі оған да ерінеді.
Себебін сұрасақ, жайылым жердің жоғын айтады. Ауылдың кез келген тұрғынын сөзге тартсақ, бала-шағасының өзге қалаға кетіп қалғанын жасырмайды. Бірі құрылыста жүр десе, енді бірі Жезқазған қаласының Сәтбаев қалашығындағы шахтада жұмыс істейді екен.
Өздері туған жердің топырағы мен қара шаңырақты қимай ауылда қалып қойған. Үкімет өлтірмейді деген үмітпен күнелтіп жүр. Айтпақшы, әлеуеті онсыз да көңіл көншітпейтін елдімекеннің коммуналдық саласы да ақсап тұр.
Ауылда ауызсу сағатпен беріледі. Тау өзендерінің суы арнайы зерттеуден өтпегендіктен, ішуге жарамсыз. Ауылдың төменгі және жоғары жағы күніне 4 сағаттан тіршілік нәрімен қамтылады. Ауыл әкімінің айтуынша, ащысайлықтарды таза ауызсумен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде екен.
Қайрат Қабылбеков, Ащысай ауылының әкімі: «Ауылға ауызсу берілетін күн жақын. 16 шақырым құбырды ауыстыруға, екі сорғышты жаңалауға қыруар қаржы қаралып отыр. Алдымен оның сметалық құжаты дайындалып, «Жұмыспен қамту-2020″ бағдарламасы бойынша тиісті мекемелерге өткіздік. Егер мақұлдаса, 24 сағат су береміз».
Бюджет қаржысына күнелткен ауыл
Жастардың ауылды тастап кетуіне жұмыссыздық қана емес, мүлдем жағдайдың жоғы да себеп болғандай. Өйткені, ауылда қарапайым интернеттің өзі жоқ. Қалған жастар көнеден қалған клубты паналайды. Ескі ғимараттың қабырғалары Кеңес өкіметінен сыр шертеді. Алдында Лениннің мүсіні әлі күнге дейін мен-мұндалап тұр.
Ал тәуелсіздігімізден сыр шертіп, ащысайлықтардың патриоттық рухын көтеретін бірде-бір символ жоқ ауылда. «Оны орнатып, клубты жөндеу қаржыға келіп тіреледі» дейді жергілікті билік. Ескі клубтың іші тастай суық, соның өзін місе тұтатын жұртшылық ауыл жастарына арнап, бильярд үстелін орнатып беріпті.
Осы тастай суық ғимаратта ауылдың кітапханасы орналасқан. Одан бөлек акт залдары бар. Күн жылынса, ауыл азаматтары үшін жиналыс өтеді, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал қақаған аязда мұнда жұртты жинау қиын. Десе де, ауылдың белсенді жастары клубты әупірімдеп кәдеге жаратып отыр.
Жасұлан Тәжібаев, Ащысай ауылы клубының жұмысшысы: «Ауыл жастарына ең бірінші интернет қажет. Сосын клубты жөндеп берсе деген тілегіміз бар. Жастарға демеушілер есебінен музыкалық аппарат алып берді. Бильярд үстелін сыйлады. Үстел теннисі де келді. Кешкісін ауыл жастары осында келіп, тоғызқұмалақ ойнайды. Бірақ, клубтың іші салқын. Тым болмаса бір бөлмесін жөндеп берсе дейміз».
Тәртіп сақшылары Ащысайды қылмыссыз өлке деп атайды. Мұнда ұсақ-түйек құқық бұзушылық тіркелгенімен, оларды ауыл билері-ақ жөнге салады екен.
Бекзат Мәуленов, Ащысай ауылының учаскелік инспекторы:»Ауыл жастары өзге жаққа жұмыс іздеп кетіп қалған. Көбісі вахтада жұмыс істейді. Ауылда көбінесе зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қалған. Ал мектеп оқушылары тәртіп бұзбайды».
Ауылға биыл 28 млн теңге беріліпті. Бұл қаражат бюджеттік мекеме жұмысшыларының айлығын төлеуге жұмсалады. Ал қалған ақшаға көше жөнделіп, саябақты ретке келтіру жоспарланыпты. Жетпесе, әкім демеушілердің көмегіне жүгінеміз деп отыр. Өйткені, ауылдан шыққан ел азаматтары туған жерін көркейтуге келгенде аянып қалмайтын көрінеді.
Ауыл әкімі Қайрат Қабылбековтың сөзінше, ауылын іздеп келетін демеушілерге қызығуға болады. Әсіресе, оқыған мектептерін іздеп келіп, жоғын түгендейтіндер де баршылық екен. Алғашында бұйымтайын айтуға ұялатын әкім осы күндері оларға керегін ашық айтатын болыпты. Биыл ауыл балалары үшін LED-экран сұраймын деп отыр. Бір уақыт кино көрсетіп, бос уақыттарын тиімді пайдалануына жағдай жасамақ. Сондай-ақ, Ащысайдағы стадионды да демеушілер есебінен жөндетіп алмақ ниетте.
Ащысайды дамытудың жолы қандай?
Дегенмен, Ащысайдың тірлігі мүлдем тұралап қалған деп кесіп айтуға да болмайды. Ебін тапқандар ауылда тұрып-ақ ауыл шаруашылығын дамытып жатыр. Солардың бірі — Әділхан Тәкібаев. Ол мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, мал бордақылау ісін ашыпты. Етін Кентау қаласына сатады. Қазір жергілікті 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Әділхан секілді тағы 4 азамат кәсіпкерлікке бет бұрған. Өзгелеріне жұмыс жоқ.
Әділхан Тәкібаев, Ащысай ауылының тұрғыны: «Кәсіпкермін. Ауылда дүкенім бар. Ауылдықтарды арзан нанмен қамтып отырмын. Өткен жылы мемлекеттен несиеге қол жеткізіп, 10 ірі қара мал алдым. Оларды бордақылап, сойып, етін қалаға өткіземіз. Әзірге шопаным мен сауыншым бар. Алдағы жоспарым — кәсібімді кеңейту. Егер мемлекет қолдап жатса, тағы да ауыл азаматтарын жұмыспен қамтысам деген ойым бар».
Бүгінде елдімекенде ресми түрде 89 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бірақ, 2176 ащысайлықтың 1089-ы жұмысқа қабілетті. Инвестор тартылып, өндіріс қалдығы өңделе басталса, ауылдың еңсесі көтеріліп қалар еді дейді ащысайлықтар.
Ауыл тау ортасында орналасқандықтан, қыс айларында жол ақ қарға көміліп, қатынас бірнеше күнге дейін үзіліп қалады. Ал көктем шыға тіршілік қыза түседі. Ауылдың табиғатына қызыққандар көп болғанымен, табиғат аясында демалуға жағдай жасалмаған. Көркем табиғат аясына демалыс орнын салса, туристік аумаққа да айналдыруға болады. Бұл — ауыл азаматтарының арманы. Өздері жасайын десе, қаржы жоқтығы қолды байлайды.
Біз көрген Ащысай осындай. Ауылдың жағдайын түсініп, тұрғындарына жанымыз ашығанымен, қолдан келер шара жоқ. Бір айта кетерлігі, елдімекен болашағы жоқ ауылдардың қатарына ілінбей қалыпты. Яғни, болашақта көркейіп кетеді деген үміт бар. Қазір Кентау қаласына қарасты ауылды жергілікті билік назардан тыс қалдырмас дегіміз келеді.