Шымкентте Толстой, Менделеев көшелерінің тұрғындары жер асты суынан зардап шегіп жатыр. Редакциямызға арызын айта келген тұрғындар күрт көтерілген су аулаларды басып қалды дейді. Тіпті жертөлелерге де толып, баспаналардың іргетасы сөгіле бастапты. Жергілікті жұрт жер асты суын реттеп отыратын сорғылардан да қайран болмай тұр дейді.
Менделеев көшесінде тұратын Марат Исмайлов жер асты суының көтерілуінен әбден мезі болған. Мұндай жағдай соңғы 5 жылда жиілеп кетті дейді. Су деңгейін төмендету үшін орнатылған қондырғыдан қазір пайда болмай тұр. Кәріз шұқырлары толып, жұртты әбден әбігер етуде.
Ал тағы бір үйдің жертөлесі тоғанға айналған. Үй иесі күндіз мұнда үйректер жүзіп жүреді дейді. Ауладағы көлкіген судан кәріз қалдықтары нәжіспен араласып, сыртқа жайылып жатыр. Қолаңса иіс қолқаны қабады. Тұрғындар суды бірнеше мәрте сорғызғанымен, нәтиже жоқ.
Ал салаға жауаптылар қаланың ылғалды аумағына қойылған 29 сорғының үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын айтады. Көлкіген судың қайдан шығып жатқаны әзірге белгісіз. Қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары зерделеу жұмыстарына кірістік деп сендірді.
Зерттеудің қашан аяқталары әзірге белгісіз. Оның үстіне сол жұмыстардың нәтиже беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Үмітін үзген тұрғындар уәде орындалмаса, сотқа шағымдануға бекініп отыр.