Жамалған шұңқыр

Шымкентте кешелі бері толассыз жауған жауын көлік жүргізушілерді әбден әбігерге салды. Суға лық толған шұңқырларды байқамағандар көліктерін ұрып алуда. Әсіресе, тасжолдағы тесіктер плитамен қаланған аумақтар оқыс оқиғаның кіндігіне айналған. Таңертеңнен бері редакциямызға шағымданып, жауаптылардың мардымсыз жұмысына сын айтқандар көп болды.

жамалған шұңқыр
Жамалған шұңқыр

Қолайсыз ауа райында оқыс оқиғаға тап болған көлікжүргізушінің бірі – Сәуле Нұржанова. Ол Асқаров көшесінің түйісіндегі шұңқырға түсіп кетіпті. Айтуынша, қырлы тастармен жамалған тесік көлікке едәуір зиянын тигізген.

Сәуле Нұржанова, қала тұрғыны: «Жаңбырдан түк көрінбеді. Келдім де, шұңқырға түсіп кеттім. Көлікті итеріп, әзер шығардық. Көмекке тәртіп сақшыларын шақырдым. Олар қалалық әкімдіктің автомобиль жолдары бөлімі жауап береді деді. Бірақ, жауаптылардан бір адам келмеді».

Сапасыз жабылған шұңқырда арнайы ескерту белгісі де болмаған. Жолды жамаған жауаптылардың салғырттығынан темір тұлпары жарамсыз күйге түскен тұрғынға мердігер компанияның өкілдері көмекке келіпті.

Ералы Юсупов, мердігер компанияның өкілі: «Ол жерге асфальт төсеуге мүмкіндік болмады. Өйткені күн суытып кетті. Оны көктемде істейміз деп, уақытша брусчаткамен жауып қойдық. Кеше екі күндік жаңбыр жауды. Содан брусчаткалар отырды. Екі сағаттың ішінде жөндеп қоямыз. Ал мына кісіге келген шығынды біз өтеп береміз. Яғни, компания өз мойнына алады».

Жаңбыр мен қарда асфальт төсеуге болмайды. Бұл тәртіп жол құрылысының ережесінде көрсетілген. Осыдан келіп көптеген мердігер компаниялар тесілген асфальты қырлы таспен жамауды әдетке айналдырып алды.

Бүгін қаланың бірнеше көшесінде дәл осындай оқиғалар көптеп тіркелді. Плиткалармен жабылған шұңқырлар жүріп-тұруды қиындатқан. Жауын суы жамауды отырғызып, тесік тереңдеп кеткен. Нәтижесінде көшелерде кептеліс болса, жүргізушілерден маза қашқан. Ал жауаптылар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді әдетке айналдырғандай.