Оңтүстікте «Өрлеу» жобасы бойынша тұрғындардан құжат қабылдау басталды. Аталған әлеуметтік көмектің нәтижесінде қарапайым халық ақшалай көмектен бөлек жұмыспен де қамтылады. Пилоттық жоба негізінде енгізілген бағдарлама биыл екінші рет жүзеге аспақ.
Айбибі Мұқанжанованың отбасында тұрақты жұмыспен қамтылған ешкім жоқ. Үш баласын оқытып, ақысын төлеу әзірге мұң болып тұр. Жұмыс іздеп бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Бұл жолы жұмыспен қамту орталығына келіп, «Өрлеу» мемлекеттік жобасымен танысты. Тиімділігін ұғынды. Бағдарламаға қатысуға бірден ниет етті.
Әлеуметтің әлеуетін көтеретін жобаға кез келген азамат қатыса алмайды. Бағдарламаның арнайы шартында көрсетілгендей, қаржылай көмекке қол жеткізу үшін арнайы тіркеуге тұрады. Ал екіншіден, отбасының ай сайынғы табысы күнкөріс деңгейінің алпыс пайызынан төмен болуы шарт. Яғни, жанұядағы бір адам басына шаққанда кіріс көзі 11 262 теңгеден аспауы керек.
Сәтжан Полатов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: «Жобаға қатысу үшін міндетті түрде отбасында жұмысқа қабілетті бір азамат болуы керек. Жанұядағы әр мүшеге төленетін жәрдемақыдан бөлек жұмыспен қамтылады. Дипломы болса, оқыған құжатына сай жұмыс істейді. Ал мамандығы бойынша жұмыс табылмаса, түрлі жұмыспен қамтылады».
Ал жобаға қатысуға ниет білдірген азамат жұмыс істеуден бас тартса, оған жәрдемақы төленбейді. Өйткені бұл — бағдарламаның басты шарты. Былтыр пилоттық жоба негізінде іске асқан мемлекеттік бағдарламаға Сарыағаш, Төле би, Арыс аудандарының азаматтары қатысқан. Ол үшін облыстық бюджеттен 23 млн теңге бөлініп, 206 отбасы мемлекеттен жәрдемақы алды. Нәтижесінде 167 азамат жұмыспен қамтылған. Ал биыл «Өрлеу» бағдарламасына шымкенттіктер де қатыса алады.
Бағдарламаға қатысу үшін мынадай құжаттар қажет:
Баланың туу туралы куәлігі;
Жұмыссыз екенін растайтын құжат;
Еңбек кітапшасы;
Отбасының әр мүшесін растайтын мекенжай анықтамасы.
Мемлекетке масыл болғандарды өздігінше күн көруге бағыттайтын жобаны кейбіреулер қаламайды. Жұмыссыздарға төленетен жәрдемақыны алып, тыныш жатқандарын қалайды. Алайда, әлеуметтік сала қызметкерлері түсінгенге жобаның берері көп дейді.