Шымкентте үй ауласында тұрған көліітерді ағаш басып қалды. Келеңсіз жағдай 17-шағынаудандағы №2 үйдің ауласында болған.
Үйдің алдындағы шіріген ағаш қыс кенет құлап, жергілікті тұрғынның көлігін басып қалған. Соның салдарынан «Жигули» көлігі мыжылып, терезелері сынды.
Роман Машкин, 17-шағынаудан, №2 үйдің тұрғыны: «Күндізгі сағат 11 шамасында домофон арқылы менің үйіме көршілерім хабарласты. Көлігімнің үстіне ағаш құлап, қирағанын жеткізгенде, төбемнен жай түскендей болды. Мен тез арада қалалық төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалдым. Олар зардап шеккен жан жоқ болса, полицейлерге және қалалық коммуналдық бөлімге хабарласу қажет екенімді түсіндірді. Одан кейін 4 сағаттай уақыт өтті, бірақ ешкім қарасын көрсетпеді. Енді не істерімді білмей тұрмын. Адвокат жалдап, маманның көмегіне жүгінемін. Мен сот арқылы болса да көлігімнің құнын өтеп аламын.»
Оқиға орнынан араға бірнеше сағат салып тәртіп сақшылары келді. Инспекторлар хаттама толтырып, қазір жағдайға кімнің жауапты екені анықталып жатыр.