Биыл Оңтүстікте су тасқыны болу қаупі жоқ. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алдыңғы жылдардағы тәжірибе мен облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық күзден басталып кетті. 2015 жылы облыстық төтенше жағдайлар комиссиясы төрағасының өкімі мен Арал-Сырдария бассейні инспекциясының бұйрығына сәйкес облыс аумағындағы су қоймалары тексерілді.
Тексерудің нәтижесі облыс басшыларына, прокуратура және су қоймалардың меншік иелеріне тиісті шаралар қабылдау үшін хабардар етілді. Биылдың басынан облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының 2 отырысы өткізілді. Сондай-ақ, облыстың халқы мен аумағын су тасқынынан қорғау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.
Қазіргі таңда барлық аудандарда су тасқынына қарсы штабтар құрылды, кезекшіліктер ұйымдастырылған. Түлкібас, Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би және Бәйдібек аудандарындағы Арыс, Құлан, Келес, Бөген өзендерінің 2850 метрінің арнасы түзіліп, 1825 метр жаға бекітілді, 381 метр бөгет тұрғызылған.
«Қазгидромет», «Қазсушар» РМК, «Қазселденқорғау» мекемелерінің облыстағы филиалдарының су бекеттерінен қоймалар мен өзендердегі су деңгейі, толуы және ағындары бойынша шұғыл ақпарат күнделікті түсуде.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы су тасқыны жағдайы бір қалыпты, өзендердегі судың деңгейі аумалы күйдегі деңгейден төмен, су қоймалардағы су деңгейі орта есеппен жобалық мөлшерінің 50% құрайды, ал 85 пайызға толған су қоймалары транзиттік толтыру тәртібіне көшірілген.
Алдағы су тасқыны жағдайының болжамына келсек, «Казгидрометтің» мәліметі бойынша қардың биіктігі 2015 жылмен салыстырғанда 45-50%-ға төмен, ал көп жылдық деректермен салыстырғанда 65-75 % аз, өзендердегі көктемгі тасқындар нормадан төмен деп күтілуде.