Облыс әкімі халық алдында есеп берді

314

Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып отырған Бейбіт Атамқұлов күнгейде атқарылған тірліктерді баяндап, өңір халқы алдында есеп берді. Биылғы есептің бір ерекшелігі – оны облыстың аудан-қалаларындағы тұрғын онлайн-режимде көріп отырды.

Жалпы, облыста қолға алынған жұмыс қыруар. Жоспар да көп. Барлығы осы жиында айтылды. Есепті кездесуге ауыл шрауашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Қазақстан Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы да қатысты.

Оңтүстік өңірінің әкімі болып 2015 жылдың тамыз айында тағайындалған Бейбіт Атамқұловтың есебін тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Түркістан сарайында жиналған 1500-дей халық алдымен 2015 жылда атқарылғанжұмыстар жайлы бейнероликті тамашалады. Сондықтан, баяндама ұзаққа созылған жоқ.

Облыста ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін атап өткен Бейбіт Бәкірұлы осы саланың бес бағыт бойынша дамитынына тоқталды. Біріншісі – суармалы жерді жақсартып, жаңадан алқапты айналымға қосу. Екіншісі – фермерлерге төмен пайызбен берілетін несие көлемін арттыру. Үшіншісі – машина-тракторлық станциялар мен азық түлік кооперивтерін құру өзекті болып тұр.

Әлеуметтік, білім, спорт, мәдениет салаларындағы жетістіктер мен кемшін тұстар да айтылмай қалған жоқ. Өңір басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды да тізіп айтты. Оның барлығы жаңа технологияларды пайдалану, ақылды аймақ кластері, ашық әкімдік жобасы арқылы жүзеге асады. Осы жиынды қала, аудандардағы жұртшылықтың тікелей байланыста бақылап отырғаны соның бір көрінісі дейді өңір басшысы.

Екі жарым сағатқа созылған жиында жазбаша жазылған сұрақтар да көп болды. Оның ешбірі қараусыз қалмайды деп сендірді облыс әкімі аппаратының басшысы. Енді Оңтүстік халқынан қанағаттанарлық баға алған әкім есепті алдағы аптада Астанада береді.

 

Шынар Оразова