Сall-орталыққа 4 айда 2500 қоңырау түскен

295
call-орталық

Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу түбіртегіндегі баға артық есептеледі. Тұрғындардың мұндай шағымы облыс әкімдігіне қарасты call-орталыққа да көптеп түседі. Қыстай жылуға қатысты шағым қабылдап, жылдам қызмет көрсеткен орталық ұжымы маусымды қорытты.

call-орталықҚазыбек би көшесіндегі № 6 үйдің тұрғыны Татьяна Вичужанина бұл қызметтің шарапатын көргендердің бірі. Айтуынша, қараша айында 60 үйлі жан сусыз қалған. Ақ қар, көк мұзда ескі құбыр сыр беріп, жергілікті халықты тіршілік нәрінен айырыпты. «Су арнасы-Маркетинг» мекемесіне сан рет хабарласқанмен, нәтиже болмағасын, мұндағылар call-орталықтан көмек сұрадым дейді.

Татьяна Вичужанина: «Біз алдымен сумен қамтитын мекеге хабарластық, ондағылар құбырдың тұрғындар есебінен жөнделетінін айтты. Мұнда кілең зейнеткерлер, жағдайы нашар отбасылар тұрады. Қаражат жинауға келгенде қиналады. Байланыс орталығына хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Ертеңіне-ақ су құбыры тегін жөнделіп, ауызсуға қолымыз жетті.»

Сапасыз жарық, қысымы аз көгілдір отын, ауызсу мен ескірген кәріз жүйелеріне қатысты қоңыраулар бір сәтке де толастамайды. Айта кетейік, бірыңғай байланыс орталығы ашылған 4 ай ішінде 2500-ге жуық шағым түскен. Олардың дені облыс орталығындағы жылу мәселесіне қатысты болса, 200-ден астамы көгілдір отынға байланысты. Ал 250 қоңырау электр жарығының мәселелерін қамтыған.

Мамандар соңғы кездері коммуналдық қызметтердің төлеміне қатысты шағымдарды да жиі қабылдауда. Айтуларынша, 250-ге жуық тұтынушы есеп айырысу түбіртектерінде көрсетілген қызмет бағасының артық есептелгенін айтып шағынған.

Наурыз айынан бастап орталық облыстың барлық аудандарынан қоңырау қабылдауды жоспарлап отыр. Сағат таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін жұмыс жасайтын байланыс орталығының телефоны — 39-55-55. Шымкент қаласының қоды — 8 7252. Бұл сандарды теру арқылы себепсіз сөндірілген жарықтың, кенеттен өшкен көгілдір отынның, мардымсыз жылудың, сапасыз ауызсудың жайын жолдап, жедел жауап ала аласыз.