Састөбеде жөнделетін көше көп, қаржы жоқ

Зауыт көшесі

Көше жөнделмей, еңсе көтерілмейді. Састөбе ауылына қарасты екі елдімекенді қосқанда 47 көше бар. Оның тоғызына соңғы үш жылда асфальт төселген. Тұрғындар тасжолда жүргісі келеді. Бірақ, қаржының жоғы ауыл әкімінің қолын байлап тұр.

Зауыт көшесі
Зауыт көшесі

Састөбе ауылы, Зауыт атындағы көшенің тұрғындары тақтайдай түзу жолда жүргісі келеді. Талай жылдан бері ауыл әкімінің есігін қағып, жолды түзеп беруді сұранып келеді. Жауынды күндері батпаққа батып, шұрқ тесік жолмен жүретіндер көшенің жөнделетініне сенімді.

Ұлтусын Бектұрғанова, Састөбе ауылының тұрғыны: «Біздегі басты мәселе — жол. Көрші көшелерге асфальт төселген. Бізде шағал тас та жоқ. Былтыр ауыл әкіміне айтқанбыз, ол уәде берген еді. Бірақ, жөнделмеді.»

Ғалия Сұлтанова, Састөбе ауылының тұрғыны: «Уәде етті, жөндейміз деді. Ел қатарлы күтеміз, басқа шара жоқ.»

Ауыл әкімі бұл көшеге кететін шығынды есептеп, құжатын құнттап қойған. Тұрғындардың талабын орындау үшін жоғарыдан көмек сұрапты. Егер дайындалған жобалық-сметалық құжаты құпталса, күрделі жөндеуге бірден кіріспек.

Рахымжан Жаманқұлов, Састөбе ауылының әкімі: «16 миллион теңге жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Ол тиісті департаментке өткізілген. Аудандық ТҮКШ бөлімі арқылы өткізілген. Енді әзірге қаржы бөлінген жоқ.»

Айта өтейік, былтыр ауыл ішіндегі тоғыз көшеге асфальт төселген. Оның тең жартысын демеушілер өз қалтасынан шығарып, жөндеп беріпті. Әсіресе, Қызылту елдімекені тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әлеуеттің әлеуметін жолға қарап баға беруге әбден болады.

Тұрсынкүл Абишева, Састөбе ауылының тұрғыны: «Бізде көше бар, өмірі болмаған асфальт  төселді. Көгілдір отын бар, жарық бар, суды да 24 сағат бойы ішеміз. Еліміз тыныш, әлеуметтік жағдайымыз жақсы.»

Көше түзелмей, еңсе көтерілмейді. Бұл ұранды ұстанған ауыл әкімі тозығы жеткен талай жол кезең-кезеңімен жөнделеді деп отыр. Ең басты көшелерді түзеп, ауыл арасындағы қатынасты жандандырған. Биылдың өзінде тағы бірнеше көшені кеңейтіп, ауыл арықтарын тазартуды жоспарлап қойыпты.