Шешен-ингуш ұлт өкілдері өткенді еске алды

860
Ризван Исрайлов

23 ақпан — Шешен-Ингуш автономды кеңестік-социалистік республикасы аумағынан шешендер мен ингуштерді Орталық Азия мен Қазақстанға күштеп депортациялаған күн. Содан бері 72 жыл өтіпті. Дата жүз мыңдаған шешен ұлт өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударуы ғана емес, қаралы күн ретінде де есте қалған.

Қудалауға тап болғандар қатарында Ризван Исрайлов та болған. Ол сол кездегі қиындықтарды қалай өткергенін және Қазақ елінің кеңпейілдігін баяндап берді. 72 жыл бұрынғы жанын жегідей жеген жәйттерді Ризван Хасиевұлы ұмытқан емес. Ел басына туған күн әлі де қарияның көз алдында.

Халықты жер аудару және эшелондарды тағайындалған жерлерге жіберудің «Чечевица» операциясы 1944 жылғы 23 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 02:00-де басталып, сол жылдың 9 наурызында аяқталды. Кеңес үкіметінің ресми деректері бойынша Шешен-Ингуш республикасының күштеп 496 мыңнан астам адамы көшірілген.

Соның ссалдарынан 1272 адам көз жұмған, 780 адам өлтірілген. «Кеңеске қарсы элемент» адамдары тұтқынға алынды, ондағы азалы күндерді, адамдардың түрлі жұқпалы дерттер мен аштықтан қырылғанын зейнеткер ашына айтып берді.

Ризван Исрайлов
Ризван Исрайлов

— Ол кезде менің жасым небәрі 12-де еді. Бір күнде сарбаздар үйдің есігін бұзып кіріп, бізді далаға қуып шықты, — деді Ризван Исрайлов. — Қайда, не үшін, қандай жағдай, мұны ешкім бізге түсіндіріп те жатпады. Балалар мен қарттарды да аяған жоқ. 44-ші жылдың қысында, қақаған қара суықта жол жүрдік. Тамақ таппай , өмір мен өлім арасында арпалысқан қиын кезеңдерді ұмытпаймын. Ал қазір, шүкір, Қазақстанда, ашық аспан астындамыз. Елімізге тек қана тыныштық тілеймін!

Бүгінде шешен-ингуш ұлтының өкілдері тағдырдың тәлкегіне мойымай, өмірдің өзі айдап келген елге сіңісіп кетті. Кейіпкеріміздің өзі зейнет жасына дейін күнгейдегі зауытта тер төгіп, қызмет еткен. Қазірге дейін қонақжай халықтың жомарттығына дән риза болған қарт жұмысы мен үйінде де мұны жиі айтады. Көпшілік пен көршілерінің де құрметіне бөленген.

Ел басына туған ауыр ахуалға қарамай шешен-ингуш ұлтының өкілдері мәдениеті мен төл дәстүрін сақтап қалған. Енді тәуелсіз мемлекетте оның кеңінен дәріптеліп, дамуы үшін де арнайы этно-мәдени орталық жұмыс жасап жатыр. Айта өтейік, бүгінде Оңтүстік өңірінде бейбіт күннің куәгері ретінде шешен-ингуш ұлтының 3500-ге жуық өкілі өмір сүреді.