Шымкентке ауыл шаруашылығы министрі келді

354
Асылжан Мамытбеков

Шымкентке еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков келді. Екі күнге созылатын іс сапарын ведомство басшысы жылыжайлардың жағдайымен танысудан бастады.

Министрдің пікірінше, облыста жылыжай саны жыл санап өсіп келе жатқанымен, базарлардағы өнімдер бағасы арзандайтын емес. Демек бұл саланы шешілмей жатқан түйткілді мәселе көп.

Асылжан МамытбековАсылжан Мамытбеков алдымен Сайрам ауданындағы «Қазагроном» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басын бұрды. Үш гектарды алып жатқан жылыжай кешенінде жылына 400 тонна қияр мен 800 тонна қызанақ өсіріледі. Заманауи талапқа сай бой көтерген нысанда 50 адам екі қолға бір күрек тапқан. Алайда шаруашылық иесі мамандар тапшылығын жасырмайды.

Айта кетейік, облыста ауыл шаруашылығы жыл санап дамып келеді. Өңірде жылыжай көлемі биыл мың гектарға жетіп отыр. Алайда, бұл құрылымда өндірістік түйткілдер шешілгенімен, сауда-логистика кешені кенже қалып келеді. Бұл сайып келгенде тауардың құнына әсер етуде дейді министр.

Мәселен, 1 келі қиярдың транспорттық шығыны небәрі 20 теңге болады. Соған қарамастан солтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы аспандап тұр. Ведомство басшысы бұл түйткілді нарықтық жолмен шешуді ұсынды.

Ауыл шаруашылығындағы өзекті проблемалар министрдің дихандар мен фермелермен кездесуінде талқыланды. Бұл басқосуда саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардағы биылғы өзгерістер ортаға салынды. Ал 18 ақпан күні министр облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың есептік кездесуіне қатысады деп күтілуде.