Шымкентте муай-тайдан алғашқы қалалық біріншілік өтті. Сайысты қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырған. Жарысқа 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.
Шығыс жекпе-жегінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған № 11 спорт мектебінде өткен доданың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
– Спорт-денсаулық кепілі. Спорт –ел абыройы, ұлт мақтанышы. Шаһарымызда өтіп жатқан бұл додада өзін шыңдаған жас спортшыларымыз келешекте еліміздің ғана емес, әлем чемпиондары атанатынына сенімдімін, –деді шаһар басшысы.
Айта кету керек, Оңтүстікте ақпан айында муай-тай федерациясы құрылды. Оның президенті болып спортқа үнемі қолдау көрсетіп жүрген қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы тағайындалған, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен, Шымкентте енді дамып келе жатқан муай-тай спортынан қала біріншілігі тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Чемпионатта әр салмақ дәрежесінде 110 спортшы жүлдеге таласты. Сайысқа бас төреші Қуандық Сұлтанғали бастаған 20 төреші қазылық етті.