Қазақстанның инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінің ұжымы оқушылар үшін ашық есік күнін өткізді. Оқу орны екінші үйіндей болып кеткен жастар студенттік өмірдің қызығы мен қиын тұстарын айтты. Білімге талпынғандардың жеткен жетістігінен мысал келтірді.
Студенттер болашақ түлектерді мамандық таңдауда дұрыс қадам жасауға шақырды. Қаламыздағы бірнеше мектептің оқушылары оқу орнының жеткен жетістіктерімен танысып, мамандықар туралы мағлұмат алды.
Жансая Тұңғышбай, ҚИПХДУ-нің студенті: «Оқу орында оқушылардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасалған. Егер сіз педагогикалық сала немесе өнерге құштар болсаңыз, дәл осы қасиетіңізді дамыту үшін оқытушылармен бірге терең жұмыс жасауға болады. Одан өзге ғылыми жұмыспен айналысқыңыз келсе, бай кітап қоры бар.»
22 жылдық тарихы бар халықтар достығы университетінде бүгінде 13 мыңға жуық болашақ маман білім алады. Ал әлеуметтік жағдайы төмен немесе жетім және жартылай жетім студенттер мен жүлдегерлерге оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған. 25 бакалавр, 11 магистратура бойынша маман дайындайтын оқу орнында жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Спорт, фитнес залы, оқу залы мен жатақхана бар. Университеттегі оқытушылар құрамы да жоғары санатты мамандардан құралған.
Рабиға Қуатбекова, ҚИПХДУ ректоры: «Біз биыл 9 қабатты жаңа ғимараттың құрылысын бастағалы отырмыз. Яғни студенттер қалашығы болады деп жоспарлаудамыз. Бұл облыста теңдесі жоқ заманауи жатақхана болады. Онда үлгілі, үздік студенттер жайғасады. Одан өзге техникалық саладағы, заманауи сұранысқа сай мамандарды дайындауға аса мән берудеміз. Ашық есік күнін өткізу арқылы түлектерге болашақта дұрыс мамандық таңдауға көмектесу, жөн сілтеуді мақсат тұттық.»
Қазақстанның инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетің басшылығы өңірдегі жұмыс беруші мекемелермен арнайы меморандумға қол қойған. Яғни оқу орнын тәмамдаған түлектер жұмысқа еш қиындықсыз орналаса алады.