Алдағы 2020 жылға дейін қазақстандықтардың кемінде 95 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Елбасы Н.Әбішұлының тілдерді қолдану туралы осы бағдарламасына сәйкес өңірімізде жоспарлы жобалар қолға алынып жатыр.
Осының аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің ғимаратында оқу-жаттығу сабағы өтті. Онда білім ұясының шәкірттерімен қатар қаладағы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері және өзге де мекеменің мамандары шақырылған. Ал мемлекеттік тілдің маңызын түсіндіріп, оның қолдану аясын кеңейтуді насихаттайтын сабақты өту Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты тілдерді оқыту орталығының педагогтарына жүктелді.
Орталық мамандары семинар-сабақта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сауалнамалар жүргізіп, сөздік қорды байытатын жаттығулар жасаудың жолын көрсетті. Айта өтетін ақпар, өткен жылы дәл осы тілдерді үйрету орталығының көмегімен 2000-ға жуық жерлесіміз үш тілді меңгеріп шыққан.
Нұрила Жұманова, қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры: «Жасыратыны жоқ, бүгінде балабақшадан бастап мектеп, колледж, университет — барлығында 3 тілді оқытатын арнайы пәндер бар. Бірақ педагогтың біліктілігі жеткіліксіз бе, әйтеуір, ол сабақтардан соң шәкірттердің тілдерді жетік білгенін жиі кездестірмейміз. Ал біздегі сол педагогтардың сауатын шетелдерге барып арттыруы үшін арнайы жағдай қарастырылмаған. Сол себепті біз сол өзге елден ұстаздарды шақыртып, өз тілдерінде бізге сабақ өтуін ұйымдастырудамыз.»