Сапасыз құрылыс сан соқтырды. Шымкентте Төле би көшесі, № 15 үй тұрғындары шу шығарды. Редакциямызға арыздана келген жергілікті халық жаңарту бағдарламасы аясында жөндеуден өткен үйде қыстай алмай жатқандарын айтады.
Мадина Сейітбекова аядай ғана бөлмесін жылыта алмай әлек. Үйде қалыпты жылу болмаған соң үйді іші дымқыл тартқан. Терезенің алдына төселген газеттерден де қайран жоқ. Еденнің суығы аяқтан өтіп, балалары ауруға шалдыққанын айтады. Тұрғындар қыстың көзі қырауда күндіз газ баллонын жағып, түнде жылыту құрылғысы қосып күнелтуде.
Іргесі 1958 жылы қаланған 2 қабатты үй былтыр арнайы сараптама қорытындысында апатты деп танылған. Жергілікті билік сейсмо-нығайтуды қажет ететін бұл баспанаға күрделі жөндеу жүргізуге шешім шығарыпты. Қазан айынан бастап мердігерлер жөндеу жұмыстарына кіріседі.
Алайда тұрғындар құрылыс жұмыстары аяқталмай жатып-ақ ақаулардың шығып жатқанын айтады.Үйдің қабырғалары қарс айрылып, төбеден су ағып жатыр дейді. Тұрғындар жөндеу жұмыстары толықтай аяқталмай көшіп келуге мәжбүр. Айтуларынша, әу баста келісілген 3 айлық пәтер ақы екі ай төленгеннен кейін тоқтап қалған.
Құрылыс компаниясы кесте бойынша жұмысты наурыз айында аяқтауы тиіс. Ұсақ-түйек шаруаларды айтпағанда күрделі жөндеу жұмыстары бітуге шақ. Мердігерлер үйдің іргетасы мен қабырғаларының нығайтылып, әктеп-сырлап біткенін айтады. Учаске шебері құрылыс компаниясының пәтерақы төлеуге міндетті емес екенін айтады. Десе де қайырымдылық жасап, екі ай бойы барлық үйге 25 мың теңгеден төлеп келген екен.
Осылайша жамалып-жасқалған баспана бір жағынан жөнделсе, бір жағынан бұзылып жатыр. Алайда, мердігерлер 5 жыл ішінде орын алған ақауларды ретке келтіруге уәде етті. Енді жаңартылған баспананың қашанға дейін шыдас беретінін уақыт көрсетеді.