Күнгейде шетелдік білікті мамандардың қатысуымен бірнеше ота жасалады. Бұл жолы Украина мен Германиядан келген хирургтар бір жасқа дейінгі балаларға ота жасады. Олар әр балаға жеті-сегіз сағат көңіл бөліп, отаны сәтті өткерген.
Үш жасар Абдулазиз Хұсанов ауыр отаны басынан өткізді. Туа біткен ауру оның тынысын тарылтып, денсаулығына кері әсер еткен. Сәті түсіп, Абдулазизге шетелдік кардиохирургтар ота жасап, қиындық артта қалды. Ол енді өзге балалар сынды толыққанды өмір сүре алады.
Енді сандарды сөйлетсек, облыс бойынша 350-400 бала жүректің туа біткен ақауымен дүниеге келеді. Оның ішінде 150 балаға ота жасау міндетті болады. Қазіргі уақытта 1924 бала жүректің туа біткен ақауымен диспансерлік есепте тұрса, олардың 400-дейі бір жасқа дейінгі бүлдіршіндер екен.
Айта кетейік, бұл — шетелдік хиругтардың Шымкентке алғашқы іс сапары емес. Соңғы екі жылдан бері шетел асып келетін дәрігерлердің қатысуымен жүрегінде ақауы бар қырыққа жуық балаға ота жасалған.