Бір ғасырдан аса ғұмыр кешкен тыл ардагеріне құрмет көрсетілді. Өмірдегі ең қымбат байлық тыныштық екенін ұғынған қарт ана Анастасия Руденко 101 жасқа толды. Ғұмыр бойы медбике болып қызмет еткен ананың ендігі арманы – ел ертеңінің жарқын болуы.

Екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген Анастасия Руденконың көргені көп. Қарт әженің күш қуаты азайып, самайын ақ шалса да өткен күндер есінде жақсы сақталған. Бүгінде жүріп-тұруы қиындаған қария немере мен шөберенің қамқорлығында. Ұзақ жылдар бойы облыстық денсаулық саласында қызмет етіп, науқастарды емдеген жан бейбітшілік заманның туғанына шүкіршілік етеді.

Ананы баладан, әкесін отбасынан айырған соғыс жылдары қарт әжейдің санасында сайрап жатыр. Жұбайы отан қорғауға аттанғанда, бар ауыртпашылық өзіне қалады. Көппен бірге тылда еңбек етіп, қиыншылықты жеңе білдік дейді.

Анастасия Руденко: «Жерге егін ектік, қызанақ, қауын, қарбыз өсірдік. Мұздай су кешіп, өткелдің ар жағына, қаптарды көтеріп таситынбыз. Ол кезде жүзе алмаймыз. Бірақ ешқашан жұмысты ауырсынған емеспін. Соғыстан хат келетін. Асыға, жақсы хабар күтіп оқитын едік.»

1915 жылы 15 наурызда Татарстанда дүниеге келген тыл ардагері бүгінде 101 жасқа толып отыр. Қарт әжейді мерейтойымен Шымкент қаласындағы Әл Фараби аудандық әкімдігінің басшылары арнайы құттықтап келді. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен сый жоралғы жасады. Қарт ананың көңілін көтерді.

Айта өтейік, бүгінде Әл Фараби ауданында 50-ге жуық соғыс ардагері, 1800 тыл ардагері тұрады. Ал басшылар жыл он екі ай елі үшін еңбек еткен азаматттарды назардан тыс қалдырмауды әдетке айналдырған.