Қырдың қызыл қызғалдағы енді Шымкенттің шырайын ашады. Қаламызда алғаш рет қызғалдақ фестивалі өтті. Тәуелсіздік саябағына жүздеген түп гүл егілді. Фестивальге қатысушылар осылайша өзге де тұрғындарды шаһарымызды көгалдандыруға шақыруда.
Қолдарына бір-бір тал гүл ұстаған жандар бұл жолы белсенді. Тәуелсіздік саябағына жиналған түрлі ұл өкілдері мен ардагерлер, студенттер қаламызды көгалдандыруда өз үлестерін қосуды ниет еткен. Алғаш рет өткен қызғалдақ фестиваліне қатысып, гүл егуге дайын. Іс-шарада сұлулық символын отырғызу жайдан жай таңдалмаған. Көктем белгісі саналатын қызғалдақ Шымшаһардың да символы саналады дейді жиналғандар.
Нина Учагорина, тыл ардагері: «Біз көктемді гүлмен қарсы аламыз. Гүл әдемілікті білдіріп, мерекенің шырайын аша түседі. Тіршілік жандана түседі. Әрі қызғалдақ — қаламыздың символы іспеттес. Бұл — біздің көктемді қарсы алуға дайындығымыз. Сондықтан баршаңызды қаламызды көгалдандыруға шақырамын. Гүлді тек қондырып қана қойма, оған күтім жасауды да ұмытпау керек.»
Алдымен соғыс және тыл ардагерлері жеңіс символы саналған калампыр гүлін ауған соғысы ардагерлеріне табыстады. Ал ізін ала ауған ардагерлері балалар үйінің бүлдіршіндеріне қызғалдақ ұсынды. Осылайша ұрпақ жалғастығын көрсеткен жандар өскелең жастармен бірге саябаққа гүл екті.
Осылайша бір күнде саябаққа 3000-нан аса қызғалдақ пиязшығы егілді. Ал жас өскіннің күтімін саябақ қызметкерлері өз мойындарына алды. Енді, бұйыртса, жұпар исі аңқитын қырмызы қызғалдақтың өсіп, қауызын жарып, жайқалғанын көретін күн алыс емес. Ал ұйымдастырушылар мұндай игілікті акцияны өткізуді жыл сайын дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.