Бір айға созылған жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілерінің «Арай-2016» байқауы өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы 300-ге жуық үміткердің ішінен жүйріктер мен дүлдүлдерді анықтады.
Соңғы сәтті тағатсыздана күткен үміткерлерді қолдауға ата-ана мен ұстаздар, дос-жаран толық жиналған. Бірінен соң бірі сахнаға шығып, арнайы жүлде мен көрермен қозайымына ие болған жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды. «Ең жас» әнші мен «Арай аруы» атағын иемденгендер де бар. Шешен сөздің шебері атанғандар да қазылардың назарында болды. Патриоттық әнді үздік орындап, елге танымал жұлдыздардың ізін басқандар да марапаттан құр қалмады.
Сонымен, 20-шы рет ұйымдастырылған өнер сайысының басты жүлдесін шымкенттік жас өрен еншіледі. Халықтың қошеметіне бөленген облысық саз колледжінің түлегі Бағдат Сейітбек бас жүлде мен 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар жүргізушілер арасында дәл осындай сый-құрметке Бағдәулет Мамытов лайық деп танылды. Одан өзге өзгелерден оза шауып, бәйге алған барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды.