Биыл Оңтүстікте 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

209

Экономикалық дағдарыс дегенін істетті. Күнгейде көптеген меморандум түзілгенімен, жұмыстан қысқарғандар саны азаймай отыр. 2016 жылдың алғашқы үш айында өзінде 75 адам жұмысынан қысқарып, қиындыққа тап болған.

Кәсіпорындардан жұмысшылар санын қысқартпауды сұранып, жан-жақты бақылау болса да, биыл 500-ге жуық азамат жұмыссыз қалады деген болжам бар. Мұндай санды облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы айтты. Оған себеп те бар. Былтырғы болжам дұрыс түсіп, 600 оңтүстікқазақстандық жұмыссыз қалған екен.

Жұмысынан қысқарған азаматтардың тең жартысы сақтандыру қорынан тиесілі әлеуметттік жәрдемақы алған. Биыл да бұл жұмыстарын жалғасын табады. Ал қысқартуға түскендердің басым бөлігі Шымкенттен болса, олардың көшін Кентау мен Түлкібас аудандарының азаматтары жалғап тұр.

Әсия Темірбаева, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Өндіріс орындағы қысқартуды болдырмау, білікті мамандарды сақтап қалу мақсатында түрлі шаралар қолға алынып отыр. Биыл кәсіпорындарға мемлекет тарапынан субсидиялау қарастырылып отыр. Есесіне субсидия алған өндіріс орны үкіметтің берген бірнеше талабын орындап, қарамағындағыларды жұмыссыз қалдыруға құқы жоқ.»