Күнгейде Наурыз мерекесін тойлау жалғасып жатыр. Төл мейрамда ұмытылар шегіне жеткен салт-жоралғылар жаңғырып, оны ел арасында дұрыс енгізу жоспары түзілді. Осы мақсатта өңіріміздегі тарихи-өлкетану мұражайы мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында танымдық шаралар қолға алыныпты.
Өңіріміздегі тарихи-өлкетану мұражайына жиналған топ бұл жолы жәдігерлерді тамашалау үшін емес, төл мейрамның зерттеулерімен танысу үшін келген. Тарихшылар мен жоғарғы оқу орындарының педагогтары және мектеп оқушылары шақырылған шарада әз Наурыздың мәні, ондағы орындалар салт-жоралғылар жөнінде толығырақ айтылды. Жиынға қатысқан жос толқон мерекенің төркінін білуге құмартқаны байқалады.
Сара Шегебаева, студент: «Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда күн басы деген мағынаны білдіреді. Жыл сайын осы жыл бастауын асыға күтеміз. Отбасымызбен наурыз-көже дайындаймыз, оны көршілеріміз бен ағайындарымызға үлестіреміз. Ақ тілектерімізді айтып, жаңа жылды тойлайтынымыз бар. Ағаш егеміз, жер жүзі көгерсін деген ниетпен».
Белсенді топ иісі мұсылман қауымның жыл бастауы, жамағатты мейірімге бөлейтін Наурыз мейрамы ұғымының төркінін ғана талдаған жоқ, Ұмытылар шегіне жеткен дәстүрлерді дәріптеді. Оның ішінде соңғы кездері ел арасында түрліше кесіліп жүрген баланың тұсауы да бар. Тойға шақырылған жас пен жасамыс дәстүрдің орындалу тәртібіне куә болды.
Көп балалы ана, ардақты әже атанып отырған Самал Бекмұхаметова бүгінге дейін 3 бірдей бүлдіршінге ақ батасын беріп, тұсауын кескен екен. Бірақ, ақ жаулықты ана мұндай мәртебені көреген ер адамға жүктеген дұрыс дейді. Сонда тәй-тәй басқан сәбидің жолына сәттілік серік болады екен.
Самал Бекмұхаметова, көпбалалы ана: «Әдетте ер адамның тұсауын ала жіппен кеседі. Мұнысы оның жолы ақ болсын, қиындық көрмесін, өзгенің ала жібін аттамасын деген ниет. Және биік белестерді бағындырып, елінің қамын жеген ер болсын дейді. Ал қыз баланың тұсауын көк шөппен кескен, өзге үйдің табалдырығын аттаған қыз барған жеріне бақ болсын, құт болсын, көгертсін деген үміт артқан».
Cондай-ақ, әз Наурыздың қоғамдағы мәні мен мерейі көрініс тапқан шарада Ұлттық салт-мерекелер жазылған жинақтардың аты айтылды. Оны ел арасында кеңінен дәріптеу, енгізу бастамаларын да жиналған топ жұмыла кеңесті. Ал өңірімізде халқымыздың төл ғұрпын жаңғыртып, оны насихаттайтын орталық мамандары аға буынның айтқан-түйген мәліметтерді түртіп алуды ұмытқан жоқ.