Оқушылар жаңа оқу жылынан бастап бірыңғай мектеп формасын киеді. Білім саласындағы бұл жаңалықты шымкенттік ата аналар әрқалай қабылдауда. Ал оқушылар мектеп формасының жаңа үлгісін жатырқамайтын секілді. Біркелкі киінуді дұрыс көретін жасөспірімдер енді араларында алалау болмайтынына сенімді. Ал оның бірыңғайлығы мұғалімдердің де көңілінен шығып отыр.
Арман Нұрнияз, 9 сынып оқушысы: «Бірдей киім киіп жүру әдемі көрінеді, екіншіден, мектеп жасындағы оқушылар, біздер, әр нәрсеге құмармыз. Жаңа, сәнді киім де бізге қызық көрінеді. Ойымыз бөлінетіні анық. Әрі түрлі киім киген балалар өздерін өзгелермен салыстыратыны тағы бар. Бұл ретте де тиімді деп ойлаймын. Ал біздің мақсатымыз — тек оқу. Әр нәрсеге ойымызды бөлмей, тек ғана білім алу үшін біркелкілік керек деп ойлаймын. Тіпті, үйдегі ескі суреттерді қарап отырсақ, ата-аналарымыз да біркелкі форма кигенін көреміз. Сондықтан мектепке арналған костюмдерді қазақи үлгіде тіксе, тіпті құба-құп болар еді. Қуана киер едік.»
Орынкүл Алшынбекова, Қ. Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры: «Білім ошақтары бірнеше жылдан бері бірыңғай формаға сәйкес ыңғайланған киім киіп келеді. Қара, көк, арасында коңыр түстілері де бар. Ал біркелді киім киюді біз де қолдап отырмыз. Өйткені барлық жерде тәртіп бірдей болу керек. Әрі бұл ұсынысты ата-аналармен біріге отырып, талқыладық. Тіпті кей-ата-аналар киімді өзіміз тіктірсек деген ұсыныс та білдіруде. Олардың әлеуметтік жағын да ескеруге тырысамыз. Бірақ мектеп ұжымы таңдаған дәл сол түсте, сол үлгіде болса, еш қарсылығымыз жоқ. Сондықтан олардың да өз еркіне беріп, таңдау мүмкіндігін қарастырдық. Жасыратыны жоқ, бірыңғай форма мектеп қабырғасында барлық балалардың дәрежесін тең етеді».
Зухра Байтасова, ата-ана: «Бірыңғай мектеп формасын енгізу дұрыс деп санаймын. Өйткені біз шетелден әкелінген баллар киімін сатып аламыз. Ал біріңғай форма енгізілсе, оны міндетті түрде жергілікті тігін фабрикаларына тіктіреміз. Осылай отандық кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруы аз да болса септігімізді тигіземіз. Сонымен қатар оның бағасы да қолжетімді. Өйткені жыл сайын кемінде 9-10 мың теңгеге костюм-шалбар аламыз. Кейде келесі жылы басқасын аламыз, ескіріп қалды дейді, сыймай қалуы мүмкін немесе үлгісі жаңасын сатып әпер деп, қиғылық салады. Ал мектепке бірыңғай киім үлгісін енгізсе, ауыстыруға, үлкеніне тар боса, кішісіне киюге де болар еді. Табыс табатын үй иесіне де тиімді болар еді деп ойлаймын.»
Шымкентте білім алатын оқушылардың форма түсі бірыңғай қара көк болады. Мұндай таңдауды білім бөлімі мен ата-аналар комитеті жасаған. Сонымен қатар киімнің оң жақ кеудесінде «Шымкент мектебі» деген жазуы болады. Енді оқушылар ақ жейде мен қара-көк түсті костюм мен шалбар, жилет, ал қыздар белдемше, қыста шалбар киеді.
Исак Асанов, Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы: «Шымкент қаласы бойынша екі тігін фабрикасы таңдап алынды. Олар — «Гауһартас» пен»Алтын адам». Бұл таңдау қаламызда өткен көрмеде жасалған. Қалалық қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті және қалалық білім бөлімі ұжымы бірауыздан келісіп, осындай ұйғарымға келді. Форманың түсі қара-көк болады. Қала бойынша оқушылар киімінің түсі осындай бір түстес болады. Мектеп формасының оң жақ кеуде тұсында «Шымкент мектебі» деген жазуы бар төсбелгі болады. Бекітілген бұйрық бойынша 2016-2017 оқу жылында барлығы біркелкі формаға өтеді. Ондағы жоғары сынып оқушыларының киімі 10-12 мың теңгеге тең болса, бастауыш сынып оқушыларының формасы 7-8 мың теңгеге тігіледі. Қала бойынша 150 мыңнан аса бала мектепте білім алады. Солардың ішіндегі жетім, жартылай жетім және әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан оқушылар үшін жеңілдіктер қарастырылады.»