Мереке қарсаңында ардагерлер мен мүгедек жандар сый-құрметке бөленді. Әл Фараби аудан әкімінің қызметкерлері тыл ардагері, Бөпеш Дәулетиярованы 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен арнайы құттықтап барды. «Әжелер» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі әрі 60 жыл бойы ұстаздық еткен 86 жастағы әжеге гүл ұсынып, тәттілер сыйға тартты.
Сондай-ақ, төрт қабырғаға қамалып, далаға шығудан қалған 86 жастағы Анар Шалдарбекова үшін күтпеген тосын сый жасалды. Күміс алқа иегері бірнеше жылдан бері жүре алмайды. Ұл-қыздары тиісті жерге тек көтеріп апаратын. Әл Фараби аудандық әкімшілігі кәсіпкерлердің көмегімен мерекеге орай кейуанаға қол арба сыйлады. Енді далаға шығатын болдым деп қуанған қарт көзіне қуаныштан жас алып, алғысын жаудырды.