Биыл да Оңтүстіктен Солтүстікке көш жалғасын табады. Екі өңірдің басшылары өзара меморандумға қол қойып, келісімге келіп отыр. Былтыр 500-ге жуық отбасын өзге өңірде жұмыспен қамтыған жауаптылар бұл бастамадан жұмыссыздар қатарын азайтудың көзін тауыпты.
Биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында тағы 800 азамат Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға ниет білдіріп отыр екен. Қазір отбасылармен сұхбаттасып, түйіндемелерін жұмыс берушіге жіберу жұмыстары атқарылуда. Олар мамандығына сай 300-дей отбасыны қабылдап, баспанамен қамтуға дайын.
Наурыз айының басында 15 отбасы бағдарлама аясындағы бастамалармен өздері барып, танысып келді. Тағы 6 отбасыны жайғастыру шаралары жүргізілуде. Айта кету керек, солтүстіктегі жұмыстардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Өйткені теріскей аймақ — аграрлы өлке. Сондай-ақ, техникалық мамандық иелерінде құшақ жая қарсы алуға дайын. Өңірде шаруа қожалықтары бар. Жайылым жерлері өте көп.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның берген мәліметіне сүйенсек, солтүстікке, көбінесе Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш аудандарының азаматтары аттанады екен.
Сонымен қатар жастар үшін арнайы «Серпін» бағдарламасы жұмыс жасайды. Күнгейлік бітіруші түлектер тегін оқумен қамтылып, жұмысқа орналаса алады.