Саңырауқұлақ сатыла бастады

500
Саңырауқұлақ сатыла бастады

Көктемнің алғашқы нөсерінен кейін пайда болатын саңырауқұлақтар қаладағы сауда орындарын жаулай бастады. Әзірге Сарыағаш пен Қазығұрт аудандарынан тасымалданып жатқан қозықұйрықтың бағасы әртүрлі. Бір келісі 700 теңгеден басталып, 1500 теңгеге дейін барады. Баға былтырғымен салыстырғанда тұрақты. Бірақ, Бәйдібек ауданынан әкелінген саңырауқұлақ бағасы бір жылдың ішінде 500 теңгеге дейін қымбаттаған.

Саңырауқұлақ сатыла бастадыСаңырауқұлақ шыға салысымен азық етіп дайындап, оған құмартушылар көп. Дегенмен, дәрігерлер бұл өнімнен келетін қауіптің басым екенін алға тартады. Құдай сақтағанда, биыл жыл басынан бері улану оқиғасы тіркелмепті. Мамандар қозықұйрықты міндетті түрде екі-үш рет қайнатып, содан кейін ғана асқа қолдану керек деп кеңес береді.

Марат Байтүгелов, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы: «Тұрғындарға айтарым — қозықұйрықты жабайы сауда орындарынан алуға болмайды. Өйткені мұндай жерлерде сатушыларда өнімді сатуға рұқсат етілген ешқандай рұқсат қағаз болмайды. Сондықдан, оларда санитарлық-гигиеналық талап сақталмайды.»

Ал әзірге базар сөрелерінен саңырауқұлақтың үш түрін ғана кездестіруге болады. Дәміне қарай бағалары да әртүрлі. Алдағы күндері баға арзандауы да мүмкін дейді сатушылар. Өйткені жуық арада өзге де аудандардан сауда орындарына саңырауқұлақтар қап-қаппен жеткізіле бастайды.