Биыл Шымкентке ақ қайың егілуде. Жасыл желек Rөкшенің төрінен емес, Қазығұрт баурайынан әкелгендіктен, жайқалып кетеді деген сенім басым. Әсіресе, қалалық саябақтарға ақ қайыңның көшеті көптеп отырғызылуда. Ал сол қайыңның күтіміне кім жауапты?

Күнгейге алғаш жеткізіліген ақ қайың көшеттері орталық саябаққа отырғызылуда. Биыл мамандар Көкшенің көркін ашқан жасыл желектің 1000 түбін егуді көздеп отыр. Осылайша күнгейдің климатына көнбейді деген көшетті күтіп баптамақ ниетте.

Тәліпбек Әлжанов, орталық саябақтың үйлестірушісі: «Ақ қайың болсын, қылқан жапырақты болсын, көшеттер отырғызылғаннан кейін күтім керек. Бұларды күндіз суаруға болмайды. Кешкісін баптап, су береміз. Күтім жақсы болса, климатқа көнбейтін кез келген ағашты жайқалтуға болады.»

Бұл ақ қайыңдар Қазығұрт тауының баурайынан жеткізілген. Яғни, өзіміздің тұқымбақта өсіріліпті. Жазы ыстық өлкені жатырқамайды деген жауаптылар саябаққа үйеңкі, емен, қарағай, түрлі хош иісті ағаш көшеттері мен аршаның түрлері және қылқан жапырақты ағаш көшеттерін егуді де жоспарлап қойыпты. Жұмыстың алғашқы науқаны басталып та кеткен. Ал биылдың жаңалығы болған кербез ақ қайын көшеті қурап кетсе, қазына қаржысы көкке ұшпайды. Келтірілген шығын жасыл желекті ағашты отырғызған мердігер мекеменің есебінен қайта өтеледі.

Ерлан Есіркепов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Қазір ағаш егіп жатырмыз. Түрлі көшет, көп жылдық гүлдер де егілуде. Ал маусымдық гүлдер сәуір айының ортасында егіледі. Қала тұрғындарын көктемгі мерекелік безендірулермен қуантуды да көздеп отырмыз. Қазіргі таңда тендер ойнатылып жатыр. Мердігер анықталысымен жұмыстар басталады.»

Сондай-ақ, қаланың көркіне сән беретін гүлдер де егіліп жатыр. Көктемнің мерекелеріне дайындықты ерте бастаған коммуналшылардың жұмысы қауырт.

Жаңару маусымын қаладағы кәсіпкерлік нысандардың иелері де сезініп, өздеріне тиесілі аумақтарын безенде бастаған. Жер қопсытып, көшет отырғызбаса да, демалыс орындарын көркейтіп, зәулім ғимараттарын мерекелік маусымға дайындауда.