Шымкентте еңбекші жастарға арналған жатақхана салынып жатыр. Бүгінгі таңда жұмысшы жастардың тізімі жасалуда. Келер жылы қолданысқа берілетін жатақханада индустриалды аймақ жұмысшылары қоныстанады деген жоспар бар.
Бұл туралы аймақтық комуникациялар орталығында өткен брифингте Әсия Құралқызы мәлімдеді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының айтуынша, жатақхананы салуға 377 миллион теңге бөлінген.
Облыс орталығынан ашылатын 297 орынды жатақханада отбасымен тұруға да болады. Жатақханаға жайғасатын жастарға бір-ақ талап қойылады — нақты жұмыс жасап, кәсіпорын немесе мекеме үмітін ақтау. Басымдық техникалық мамандық иелеріне берледі. Яғни, индустриалды аймақтағы өндіріс орнына қажетті жас мамандар ережеден сүрінбей өтіп, орын алуларына толық кепілдік бар. Конкурс сәуір айынан басталады.
Әсия Темірбаева, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Ең ерекшелігі және ең бірінші талабы сол — еңбекші жастарға жұмыс берушілер ұсынған жағдайда ғана сол жерге барамын дейтін жастар болса, сонда ғана жатақханадан орын алу мүмкіндігі бар. Яғни, жалпылама немесе кезектіліктікке байланысты мәселелерді шешуден біз аулақпыз. Бірінші кезекте осы жердегі еңбек нарығын ескере отырып салынып жатқан жатақханада еңбек жасындағы жастар жұмыспен қамтылады. Сосын жұмыс істеп жатқан жастар қамтылады. Жатақхана кеңес кезіндегі жатақхана емес, заманауи, барлық мүмкіндіктері қарастырылған жатақхана болып табылады».