Шымкентте дәнеркерлеушілер мен аспаздар, тігіншілер мен құрылысшылар бақ сынасты. Қаламыздағы «Көрме» орталығында «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының аймақтық іріктеуі өтті. Аталған жарысқа өңірдегі кәсіптік және техникалық білім мекемелерінің білім алушылары қатыса алды.

Аймақтық чемпионат сылақшы, сырлаушы, электр монтаждаушылар, дәнекерлеу технологиясы, тамақтандыруды ұйымдастыру мен кондитер ісі, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу секілді 7 мамандық бойынша өтті. Биыл байқауға қатысып, бақ сынауда, әсіресе, тігін саласының студенттері аса белсенділік танытып отыр. Бұл болашақ дизайнерлердің тек шеберлігі мен біліктілігін көрсетіп қана қоймай, ел асқанда еліміздің ұлттық киімі мен ою нақыштарын көрсетуге үлкен мүмкіндік болмақ.

«Жыл шебері- 2016» байқауына облысымыздағы 27 колледжден 92 студент қатысып, бағын сынады. Алдымен қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылар дайындығын көрсетті. Олардың заманауи ақпараттық технологияларды іс жүзінде қолдана алу білдіктілігі де сынға түсіп, шығармашылық еңбектері де жоғары бағаланды. Бастысы құрылыс саласын жүргізгенде дұрыс орындалу техникасы қатаң ескерілді.

Екі күнге созылған байқау барысында қатысушыларға үш модульден тұратын тапсырма берілді. Ал барлық тапсырмалар халықаралық «WorldSkills» ассосациясынан арнайы жіберілген. Яғни мұнда тапсырманың дұрыс әрі тез орындалуы басты назарда болды.

Қазылар алқасының шешімімен 7 оқушы бірінші орынға лайық деп танылып, сыйлыққа бағала ұялы телефонға ие болды. Ал 7 студент екінші, 7 студент үшінші орынға лайық деп танылды. Бұл ретте аталған кәсіптік-техникалық блім беретін мекеме басшылары да ерекше белсенділік танытқаны үшін марапатталды.

Айта өтейік, Қазақстан халықаралық «WorldSkills Internashional» ұйымына 2014 жылы мүшелікке қабылданып, аталған чемпионатқа қатысуға мүмкіндік алған. Былтыр алғаш рет аймақтық, республикалық чемпионаттар өтізіліп, нәтижесінде жеңімпаздар Бразилияда өткен жарысқа қатысып қайтты.

Ал «WorldSkills Kazakhstan» – Жыл шебері -2016″ аймақтық чемпионаты 2017 жылы өтетін жарысқа іріктеу әрі дайындық болмақ. Сондықтан бүгінгі жарыстың 7 жеңімпазы енді 1-5 мамыр аралығында Астанада өтетін республикалық чемпионатта облыстың намысын қорғап, халықаралық сайысқа жолдама алу үшін бақ сынасады.