Оңтүстік жұрты тәуелсіздіктің мерейтойына деген сый-таралғысын жасап жатыр. Жас қылқалам шеберлері он саусақтың құдыретімен еліміздің төл тарихын, бүгінгі жеткен жетістіктерін бейнелеп, көпке ұсынуға көшті.
Тәуелсіздіктің тойына тарту жасағандардың бірі — Адина Салиева. Көрмеде 13 жасар жеткіншектің туындыларын тамашалап, қаумалағандардың қарасы қалың болды. Жас қылқалам шеберінің айтуынша, бейнелеу өнеріне ден қойғанына әлі жыл толған жоқ. Ал суретінің сәтті шығуына оның жүрекжарды тілегі мен еліне деген риясыз құрметі себепкер болған.
Адина Салиева, жас суретші: «Менің Қазақстаным» деген суретті салдым. Онда қазақ халқының киіз үйі, алдында жайылған үйір-үйір малы бар. Қазақтың төл тұрымысын бейнеледім. Одан соң еліміздің бүгінгі көрінісі- Елорда. Астананың жүрегі — Бәйтерек, Ақорда үйін салдым. Көгілдір ашық түспен аспанды боядым, елімізде мәңгі бейбіт өмір болсын деген ниетпен! Суреттерді 3 күн ішінде майлы бояудың көмегімен бейнеледім».
«Тәуелсіз Қазақстанды бейнелеймін» атты көрмеге іріктеу 3 апта бойы өтті. Оған қатысуға өңіріміздің жас өнер иелері ниет білдіріп, кемінде бір тұщымды туындысын әкелуге, бағын сынауға мүмкіндік алған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени шара-көрменің төрінен табылу үшін 1000-ға жуық еңбек келіп түсіпті. Бірақ, тәуелсіздікке сый-таралғысын жасаушы жастарға қатаң талап қойылған.
Ербол Алтынбек, облыстық бейнелеу өнері мұражайының меңгерушісі: «Суретке қарап, тәуелсіздіктің жемісін көруіміз қажет! Бұл — басты шарт. Тәуелсіздікпен қатар тарих, елдің басынан өткерген кезеңдері мен бүгінгі жағдайы да суреттің бойынан табылуы тиіс болды. Іріктеп алдық арасынан. Сондай-ақ, кескіндеме, майлы бояу және сәндік қолданбалы сынды 3 жанр кіріккен дүниелер ғана көрмеге алынды».
«Елге құрмет», «Тәуелсіздік таңы», «Жаса , Қазақстаным» сынды мазмұнды тақырыптарды арқау еткен көрме енді алдағы апта бойы жерлестеріміздің назарына ұсынылмақ. Елдің өткен шежіресі мен тәуелсіздік жетістігіне жан бітірген шарада жас суреткерлердің 100-ге тарта туындылары таныстырылып жатыр.